Астана іргесіндегі Пантеонда орын қалмаған

Almaty.tv
Almaty.tv
Қаладағы мазарларға биік тас қоюға тыйым салынуы мүмкін
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Астанадағы мазарларға биік тас қоюға тыйым салынуы мүмкін. Қалалық дін істері жөніндегі басқарма зираттың биіктігі бір метрден аспауы керек деген ұсыныс айтып жатыр. Оның Бас қаланың іргесіндегі елге еңбегі сіңген тұлғаларға арналған Пантеонда да 4-ақ орын қалған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Астананың іргесінде орналасқан Ұлттық Пантеон – еліміздің дамуына, ғылымы мен мәдениетіне елеулі үлес қосқан көрнекті қайраткерлерді жерлейтін орын. Ол жақында жемқорлық үшін сотталған экс-мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының бастамасымен ашылған. Онда адам жерлейтін орын таусылып барады. Қалалық мәслихаттың төрағасы бұл мәселені жеделдетіп шешу керегін айтты.

– Ертең қыстыгүні қоғамдық мемлекет қайраткері қайтыс болса, орын таппай қаламыз. Жоқ, оны бір Алла біледі ғой. Боранды күндер қалай болатынын білесіздер ғой, дайындап қою керек, – деді қалалық мәслихат төрағасы Ерлан Қаналимов.  

Жалпы пантеонды күтіп-баптауға 40 миллион теңге, ал аумақты абаттандыруға 70 миллион теңге бөлінген екен. Мәслихат депутаттары тамызда тағы бір жиналып, Пантеон аумағын кеңейту мәселесін қарастырады. Халық қалаулылары сондай-ақ Астанадағы зираттардың жай-күйіне де тоқталды. Олардың айтуынша, қаладағы мазарлардың кейпі көңіл көншітпейді.  

Астанада 28 зират бар. Оның басым көпшілігіндегі проблема – орын тапшылығы. Әсіресе Алматы ауданындағы 9 зиратта да жер қалмапты. Қазір онда адамдар жерленбейді. Тек тазалау жұмыстары жүргізіледі екен.

– Биыл жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Оның ішіне қоқыс тазарту және санитарлық күтім кіреді, сондай-ақ қоршауды жөндейміз, – деді Алматы ауданы әкімінің орынбасары Мұхамедияр Қожекенов.

Астанадағы зираттарға биік тас тұрғызуға тыйым салынбақ. Қалалық дін істері жөніндегі басқарма елордадағы мазарлардың биіктігі бір метрден аспауы керек деген ұсыныс айтып жатыр. Жауаптылардың сөзінше, осылайша қаладағы зираттардың келбетін біркелкі ету көзделіп отыр. Қалалық дін істері жөніндегі басқарма қазір жерлеу ережесіне өзгерістер енгізбекші. Арнайы сайтта Денсаулық сақтау және Ішкі істер министрлігінің базасы біріктірілген.

– Жерлеу.кз сайтын алдағы аптады іске қосамыз. Сайтта қайтқан кісінің аты-жөнін немесе ЖСН-ін теріп, анықтаманы бірден аламыз. Бұл жерде үш база біріктірілген, – деді Дін істері жөніндегі басқарма басшысы Нұрдәулет Әлмұханов.

Қазір қалалық дін істері жөніндегі басқарма жерлеу рәсімінің ережесіне өзгерістер енгізіп, Әділет басқармасына жөнелткен. Құзырлы мекемеден жауап келген соң, мәслихат депутаттарына таныстырылып, бекітілетін болады.

Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы, Астана

Новости партнеров