Шілденің шіліңгір ыстығында сусыз қалған тұрғындар суды арықтан тасып, қайнатып ішеді
Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Рахат ауылының тұрғындары 2 жылдан бері ауыз су тапшылығын көріп отыр. Тіршілік көзіне зәру болғандар «Ауылдың суы ауыл тұрғындарына жету керек» деген ұранмен бас қосып, өзекті мәселенің жақын арада шешілуін талап етті. Оқиға орнына барып қайтқан Almaty.tv тілшісі Оразай Нұртай жалғастырсын.
Бұл – су тапшылығын ұзақ жылдардан бері көріп, әбден қажыған Рахат ауылы тұрғындарының жанайқайы. Егістік түгілі адам ішетін су таппай отырған 500 шаңырақ тіршілік көзін көрші ауылдардан тасып, ал көлігі жоқтар ауыл дүкендерінен сатып алып ішеді екен. Ауыл халқының айтуынша, ауыз су құбыры ауылға кірмеген. Сондықтан арықтың лай суын қолданудан басқа амалы жоқ.
«Алдыңғы жылы ауылымыздың әкімдігіне су мәселесі бойынша көкейкесті сұрақтарыммен кірдім. Сонда маған ауызсумен ауылды толық қамтуға бюджеттен төрт жарым миллиард теңге бөлінді, 2021 жылы су тапшылығы шешіледі деген еді. Құбырларды жүргізді, алайда біздің ауылға су кірген жоқ», – дейді Рахат ауылдық округінің тұрғыны Айнұр Абдулдинова.
Рахат ауылының су мәселесі ұзақ жылдан бері дауға айналып келе жатқаны рас. Халық бастапқыда бұл мәселе шешілгендей еді, алайда соңғы екі жылда су тапшылығы қайта басталғанын айтады. Расында, күннің аптап ыстығында суды үнемдеп отыру мүмкін емес. Ауыл азаматтарының сөзінше, бір отбасыға күніне кем дегенде 500 литр су қажет.
«Рахатта су болмағалы 6-7 жыл болды. Арасында беріп отыратын. Қазір, міне, 1 грамм су көріп отырған жоқпыз. Қазір шілде айы, күн ыстық. Барлығы жанып, күйіп жатыр», – дейді Рахат ауылдық округінің тұрғыны Орынтай Тоқтабұлатова.
Шілденің шіліңгір ыстығында сусыз қалған тұрғындар суды арықтан тасып, қайнатып ішеді. Кей отбасының айтуынша, жаңбырлы күндері ағынды су лайланып, оны сүзгіден өткізіп қолдануға мәжбүр. Сондықтан іштегі бар өкпесін ортаға салған ауыл халқы жауапты мамандардан бұл мәселені үш күнде бір жақты қылуды талап етті.
«Қазіргі уақытта «Енбекшиказахский групповой водовод» деген үлкен жоба жүріп жатыр. Бұл Еңбекшіқазақ ауданындағы 9 елді мекенді сумен қамтитын жоба. 9 елді мекеннің ішіне Рахат ауылдық округінің 3 елді мекені кіреді. Ол Өрікті, Рахат және Қайназар ауылдары», – деді Рахат ауылдық округі әкімінің орынбасары Қайсар Нұрболатұлы.
Ауыл әкімі орынбасарының айтуынша, су тапшылығын бір ауыл емес, тек биікте қоныстанған үйлер көріп отыр. Одан бөлек, егістікті суғаратын маусымның басталуы да бұған себеп болуы мүмкін деді жауаптылар. Десе де, әкімдіктегілер Рахат ауылындағы су мәселесі 2022 жылдың мамыр айында толық шешіледі деп сендірді.
Оразай Нұртай, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы