Күзде картоп пен сәбіздің бағасы бірнеше есеге арзандайды – министр Бақыт Сұлтанов

14.07.2021 в 00:49

Дәл осындай жағдай көрші мемлекеттерде де орын алғанын жеткізді

Күзде картоп пен сәбіздің бағасы бірнеше есеге арзандайды. Бұл туралы еліміздің Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов айтты. «Қазірдің өзінде бұл көкөніс өнімдерінің құны өзгергенін және арзандап жатқанын байқауға болады» деді ол. Дәл осындай жағдай көрші мемлекеттерде де орын алғанын жеткізді, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Сәбіз мәселесіне келсек, көршілес Өзбекстанда да осындай проблема болды. Шын мәнінде, бізде қалыптасқан бағаның бір бөлігі біздің импорттауымыздан пайда болды. Өйткені көрші Өзбекстан да, көрші Ресей Федерациясы да сұраныс тудырды. Қазіргі уақытта картоптың бағасы өзгергенін және арзандап жатқанын көріп отырмыз. Күзде де айтарлықтай бірнеше есеге төмендейді деп күтеміз», – деді ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов.

Сонымен қатар, министр тиісті қоймалардың болмауы сөрелердегі азық-түліктің қымбаттауына әкеп соғатынын мәлімдеді. Ал азық-түліктің қымбаттауының алдын алатын көтерме-тарату орталықтары бұл жылы іске қосылмауы мүмкін. Себебі «оларды құру бір күнде шешіле салатын жұмыс емес» деді ведомство басшысы. Сондықтан шенеунік инвесторлармен 2022 жылдың өніміне үлгеруге тырысамыз деп сендірді.