Еліміз дамуының ең жауапты кезеңінде тұрмыз — Мәжіліс төрағасы

02.02.2022 00:28

Ерлан Қошанов бүгін Парламент Мәжілісінің төрағасы болып сайланды

Almaty.tv

Ел Парламенті Мәжілісіне жаңа төраға сайланды. Бүгін Орталық сайлау комиссиясы Нұрлан Нығматулиннің өтініш беруіне байланысты оның өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату ұсынысын енгізді. Депутаттар төменгі палата спикері қызметіне Ерлан Қошановты бірауыздан сайлады. Ол бұған дейін ел Президенті Әкімшілігін басқарған еді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

    

Парламент Мәжілісіне 10 жыл бойы жетекшілік еткен Нұрлан Нығматулин бүгін өкілеттігін тоқтату туралы өтініш берді. «Бұл жылдар менің жүрегімде мәңгі қалады» деген экс-спикер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев аса маңызды міндеттер жүктегенін алға тарта келіп, ол мақсаттарға жету үшін кадр саласын жаңарту керек екеніне тоқталды. Ал Мәжіліс депутаттары Нұрлан Нығматулиннің жұмысын жақсы атқарғанын айтады.

«ҚР Парламенті Мәжілісінің ішінде өзінің тарихи орны ерекше. Бәріміз жақсы білеміз. 10 жылға жуық Парламент Мәжілісін басқарды. Басқарғаннан бері біз көптеген жақсы жаңалықтарды көрген болатынбыз. Яғни, бүгінгі таңда Парламент Мәжілісінің жұмысының өзгеруі, толық ашықтығы, басқа түрлі саяси партиялармен бірлесе жұмыс істеуі, түрлі ақпараттарды талдау, олардан жақсы қорытынды шығару», - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Геннадий Шиповских.

Ал ел Президенті Әкімшілігінің басшысы болған Ерлан Қошанов бүгін Парламент Мәжілісінің төрағасы болып сайланды. Парламенттің төменгі палатасының төрағасы лауазымына одан басқа үміткерлер ұсынылмады. Су жаңа Мәжіліс спикері Парламент Мәжілісіне жетекшілік ету ерекше мәртебе екенін айтып, Қазақстан халқы мен Президент алдындағы үлкен жауапкершілікті сезінетінін жеткізді.

«Құрметті депутаттар, біріншіден, менің кандидатурамды қолдап, сенім көрсетіп, бірауыздан дауыс бергендеріңіз үшін, үлкен ризашылығы ды білдіремін. Енді өмір жолымның біршама уақыты осы Парламент қабырғасында өтті. Сіздердің сенімдеріңіздің арқасында осы абыройлы жұмысты бірге жалғастырамыз деп ойлаймын», - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов.

Еңбек жолын Жезқазған кен-металлургия комбинаты байыту фабрикасының шебері болып бастаған Ерлан Қошанов Парламент Сенатының депутаты, Қазақстан Республикасы Премьер-министрі кеңсесінің басшысы, Қарағанды облысының әкімі, Көлік және коммуникация вице-министрі сынды қызметтерді атқарған.

«Ерлан Жақанұлы біздің еліміздің әлеуметтік экономикалық өзгерістер заманында, сонымен бірге трансформация заманында келіп отыр. Оның да өзінің логикасы бар. Өйткені ол кісі Парламент ісін жақсы біледі. Осында жұмыс істеген, Сенатор болған, Үкіметтің өкілі болған. Сондықтан ол заң шығару институтын жақсы біледі», - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров.

Сонымен қатар, су жаңа Мәжіліс төрағасы ел тарихының даму кезеңінің ең жауапты кезінде тұрғанымызды айтты. Президентіміздің жан-жақты және түбегейлі реформалар ұсынатынын атап өтіп, бұл реформаларды сапалы заңдармен қамтамасыз ету Мәжіліс депутаттарының ортақ міндеті деді. Осы ретте, мамандар да Парламент өзінің рөлін ары қарай дамытуы керек, себебі халықтың Парламентке деген талап-тілектері күннен күнге өсіп келе жатыр дейді.

Қаламқас Нысанбай, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан