Қарбызды қалай таңдаған дұрыс – маманның пікірі

05.07.2022 00:28

Ерте піскен бақша дақылы адам денсаулығына қауіпті

Сурет: unsplash

Қарбызды жеуге асықпаңыз. Шілде айы басталмай жатып көше бойында, базарда, дүкендерде қауын мен қарбыздың саудасы қыза түсті. Алайда ерте піскен бақша дақылының адам денсаулығына қауіпті екенін ұмытпаған абзал. Себебі оның құрамында нитрат көп мөлшерде болады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ал бұл организмдегі оттегінің төмендеуіне алып келеді. Сондықтан жаздың басты жемісін таңдаған кезде оны кесіп, дәмін көрген дұрыс. Шілденің соңы - тамыздың басы қауын-қарбыздың нағыз пісетін уақыты.

«Биыл ұлттық сараптамалық орталығының мамандарымен бірге біздің аудан мамандары бірлесіп, 20 дан астам сауда-саттық орталығына акция өткізді. Бұл акцияда әрбір тұтынушы өзінің сатып алған жеміс-жидегін, қауын-қарбызын нитратқа тегін тексертуге мүмкіндік алды. Тексеріс барысында 500-ден астам сынама алынып екі жағдайда бізде оңды нәтиже көрсетті. Бұл екі оңды екі нәтиже көрсетті. Бұл екі оң нәтиже бойынша базар иелеріне және жеткізушілерге арнайы хат жазылды», – деді қалалық санитариялық - эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Кенжегүл Қонысбаева.

Сапалы қарбызды қалай таңдау керек?

«Біздің елде қауын-қарбыздың пісу тамыз айынан кейін басталады. Сол кезде қолданылған дұрыс деп  есептейміз. Себебі тамыздан кейінгі піскен қауын-қарбыздың нағыз күн сәулесіне толығыменен нәрленіп, қолдануға толығыменен дайын болады», – деді қалалық санитариялық - эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Кенжегүл Қонысбаева.

Қарбызды үй жағдайында қалай сақтауға болады?

«Қазіргі таңда, көп тұтынушылар қарбыз-қауын сатып алған кезде үш бұрыштап немесе төрт бұрыштап кесіп алып жатады. Осы жайлы айта кетсек, қауын-қарбыздарды жалпы бірінші үйге алып келіп, жақсылап жуып содан кейін ғана қолданған абзал. Сонымен қатар сақтау мерзіміне де мән берген дұрыс.  Арнайы салқын жерде не болмаса тоңазытқышта сақтағандарыңыз дұрыс болады. Бір немесе екі күннен артық қолданбаңыздар», – деді қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Кенжегүл Қонысбаева.