Қапшағай су қоймасына биыл кемі 1 миллионға жуық турист келуі мүмкін. Сол себепті қазір демалыс аймағында туризмді жан-жақты дамыту үшін қызу жұмыс атқарылып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ұзындығы 187 ені 23 шақырымға созылып жатқан қонағы көп Қапшағайды құтқарушылар шомылу маусымы басталғанда күн-түн демей күзетеді. Арнайы катерлердің көмегімен күнделікті 70-ге жуық маман жұмысқа кіріседі. Себебі, жаз мезгілінде мұнда келетіндердің саны күрт өседі екен. Әкімдіктің дерегіне сүйенсек, былтыр 1,2 млн турист дәл осы Қапшағайды таңдаған. Ал биыл бұл көрсеткіш 1,3-ке жетеді деп жоспарланып отыр.
Жағажайда халыққа қызмет көрсетуге арналған 140 нысан бар. Ал сенбі және жексенбі күндері мұнда келетіндердің саны еселене түседі екен.
Көпшіліктің сүйікті демалыс орнына айналған Қапшағайға 80 шақырымды артқа тастап Алматыдан, сондай-ақ алыс жақын аудандар мен Ресей, Қырғызстан, Моңғолия сияқты мемлекеттерден келетіндер де бар. Алайда турист саны көбейсе, қауіптілік деңгейі де артады дейді төтеншеліктер.
Мамандардың сөзінше, демалушылардың кейбірі қауіпсіздік ережесін сақтамайтын көрінеді. Мәселен, былтыр мұндай тәртіпсіздік салдарынан 9 адам ажал құшып, су қоймасынан 80 адам құтқарылған екен. Ал биылдың өзінде шомылу маусымы басталғалы бері 2 адам қаза тауып, 11 адам ажалдан аман қалыпты.
«Ең бастысы, суға мас күйде шомылуға болмайды. Таныс емес жерлерде және тыйым салынған орындарда суға шомылмаған жөн. Және кішкентай, кәмелетке толмаған, әсіресе мына кішкентай балаларды қараусыз қалдыруға болмайды», – деді ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Ералы Разақұлов.
Тыйым салынған жерде суға түскендерге 7 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Сол себепті, төтеншеліктер тұрғындар мен демалушылардың қауіпсіздігіне алаңдаушылық білдіріп, түнде шомылмауға, белгіленген аумақта ғана, алдымен денені қыздырып барып суға түсуге шақырды. Қазір ол үшін Алматы облысында арнайы 103 орын дайындалыпты. Оның 97-сі Қапшағайдың жағасында орналасқан екен. Сондай демалысқа арналған орынның бірі 5-інші жағажай жақында ғана қайта жөндеуден өткізіліп, 2,7 гектар аумақта спорт алаңдары, бассейндер, сондай-ақ дәретханалар мен автотұрақтар да салыныпты. Әкімдіктің дерегінше, ішкі инфрақұрылымды едәуір жақсарту үшін 6-ыншы және 7-інші жағажайды абаттандыру көзделіпті. Ал 8 жағажайда аттракцион паркі салынбақ.
Рүстем Алмасұлы, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Алматыда «Алтын жас» бағдарламасы 2028 жылға дейін жалғасады