Шетелдік БАҚ Астанадағы ШЫҰ саммиті туралы жазып жатыр

Almaty.tv
Almaty.tv
Ағылшын телеарналары жиында көп қырлы ынтымақтастықты одан әрі тереңдету мәселелері сөз болатынын айтады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Әлем назарын аудартқан Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының саммиті шетел басылымдарының да қалам сермеуіне себеп болып отыр. Геосаяси тұрғыда ерекше мәнге ие науқан бұқаралық ақпарат құралдарының жіті назарында. Беделді басылымдар «Қазақ жерінде өтіп жатқан ауқымды іс-шара түйткілді мәселелердің нүктесін қоюға сеп болады» деп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Астанада өтіп жатқан саммит Шанхай ынтымақтастық Ұйымына серпін береді. Дәл осындай тақырыппен Қазақстандағы Қытай елшісінің пікірін жариялаған China Daily ақпараттық агенттігі жиынның өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтудегі маңызды рөліне тоқталған. Сондай-ақ келесі жылы төрағалық ететін аспан асты елінің ақпарат құралдары дипломатиялық форумнан үздіксіз хабар таратып, жиынның маңызына тоқталып отыр.

CHINA GLOBAL TELEVISION NETWORK

«Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы халықаралық терроризмді, экстремизмді, ұйымдасқан қылмысты және есірткі бизнесін қоса алғанда, қауіпсіздіктің дәстүрлі емес мәселелерін шешуде айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Ұйымға мүше мемлекеттердің даму міндеттері ұқсас және өзара байланысты бағыттары бар жақын көршілер болғандықтан, ортақ болашағы бар қоғамдастықты құруда жетекші рөл атқаруы тиіс».

Ресейлік басылымдар мен агенттіктер де Шанхай ынтымақтастық ұйымының Астанадағы саммиті - халықаралық аренадағы өзгерістерге қатысты тиімді үйлестірушінің рөлін атқарып, сол арқылы бірлестікке мүше мемлекеттердің тұрақтылығы мен дамуын қамтамасыз етуге тиіс екеніне тоқталды. Мәселен, ТАСС агенттігіне Цинхуа университетінің сарапшысы Цянь Фэн жиын барысында нақты қадамдар бекітілуі керек дейді.

ТАСС АГЕНТТІГІ

«Астанадағы саммит әлемдегі және аймақтағы тұрақсыз жағдай аясында өтуде. Әлемдегі бұрын-соңды болмаған өзгерістер жағдайында қалыптасқан халықаралық жүйе мен ескі халықаралық ережелер қиындықтар мен қақтығыстарға тап болып отыр. Ұйым оған мүше мемлекеттердің бейбітшілігі, тұрақтылығы, дамуы мен гүлденуі жолында неғұрлым тиімді ұйымдастырушылық және үйлестіруші рөл атқаруы керек және атқаруға тиіс».

Сондай-ақ ағылшын телеарналары жиында көпқырлы ынтымақтастықты одан әрі тереңдету мәселелері сөз болатынын айтады. Ал Рейтерс агенттігі мемлекет басшыларының кездесуі арқылы шешілетін түйткілдер мен ұйымның кез келген ішкі тұрақсыздыққа қарсы тұруға ерекше көңіл бөлетініне жеке тоқталған. 

Айта кетейік, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының жиынынан 33 мемлекеттен келген 150 шетелдік БАҚ-тың 700 өкілі тікелей хабар таратып жатыр.

Жансая Олжабек, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алматыда зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен алқалы жиын өтті

Новости партнеров