|
30.01.2024 | 19:28
1169

Трансшекаралық су ағындарын бірлесіп басқару: арнайы тұжырымдама дайындалды

Суды барлық мемлекет тек пайдалануға мүмкіндік беретін жаһандық механизмге 37 ел қатысушы

Трансшекаралық су ағындарын бірлесіп басқару: арнайы тұжырымдама дайындалды Almaty.tv

Қазақстан Үкіметі Өзбекстан мен Қытай билігін келіссөзге тартқалы отыр. Себебі, еліміздегі өзендерде су азайып бара жатыр. деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ал біздегі сегіз су шаруашылығы бассейнінің жетеуі трансшекаралық болып есептеледі. Трансшекаралық өзендер мен көлдерді және олармен байланысты жерасты суларын бүкіл әлемде тең құқықты және тұрақты басқаруға ықпал ететін конвенцияға көршілердің ішінде тек Өзбекстан ғана мүше екен. Суды барлық мемлекет тек пайдалануға мүмкіндік беретін жаһандық механизмге 37 ел қатысады.

Үкіметте баяндама жасаған министр Нұржан Нұржігітов елдегі өзендердің азайып бара жатқанына алаңдап, арнайы тұжырымдама дайындағанын мәлімдеді. Құжатта шекаралас мемлекеттермен трансшекаралық су ағындарын бірлесіп басқару және пайдалану бойынша келісім бар. Ал осы дипломатиялық келіссөз жүргізу жұмыстарымен министрліктің ішінен құрылатын арнайы департамент айналысады екен.

– Сыртқы істер министрлігімен бірге сол жерге мамандарды қабылдау, даярлау үшін жұмыстарды атқарып жатырмыз. Одан бөлек, мемлекеттік қызмет агенттігімен бірге былтыр желтоқсанда сол департаментте, жалпы министрлікте жұмыс істеп жүрген азаматтарды дипломатияға үйрету үшін арнайы қысқамерзімді курстар аштық. Бір апта соған біздің мамандармен бірге өзім де қатыстым, – деді ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов

Министр ұсынып отырған тұжырымдамада Қазақстан Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының үкіметі арасындағы трансшекаралық өзендерде су бөлу туралы келісімдерге қол қою көзделген. Келіссөздер жүргізгенде су саласында көп жыл жұмыс істеген тәжірибесі мол мамандарды тарту жоспарланып отыр. Өз кезегінде Премьер-министр Әлихан Смайлов көрші мемлекеттерді осы іске жұмылдырарда тиімді аргументтерді әзірлеуді тапсырды. Сонымен қатар Нұржан Нұржігітов ұсынған құжаттың маңызды тұстарын атады.

– Тұжырымдаманың маңызды бағыты - су шаруашылығына қажетті инфрақұрылымды салу және реконструкциялау. Көп жыл бойы оларды күтіп ұстауға тиісті көңіл бөлінбей келді. Тұжырымдаманың маңызды бағыты – су үнемдеу. Ең алдымен, су шығынын азайту мен оны ұқыпты пайдалану өте маңызды, – деді ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов

Осылайша, Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Үкіметте су шаруашылығын дамытудың тұжырымдамасын қорғап, оны Үкімет мүшелері қолдап дауыс берді. Жоспар бойынша елдің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тапшылықты азайту мақсатында 20 қойма салу, 15 қойманы реконструкциялау, 14 мың шақырымнан астам ирригациялық каналдарды жаңғырту және гидротехникалық құрылыстарды реконструкциялау бойынша жұмыстарды жүргізу көзделген.

Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астана

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир