11 жастағы Фатима ай сайын ота жасатуға мәжбүр. Диагноз – аяқ қан-тамырларының ақауы. Шынашақтай қыздың шырылын естіген ана да жанымды қоярға жер таппаймын деп жылайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Гүлістан Абдуллаева – 5 қыздың анасы. Отбасымен Талдықорғанда тұрады. Ал Алматыға арнайы ота үшін ай сайын келуге мәжбүр. Жуырда ғана кезекті емін алған Фатима осыдан 2 жыл бұрын дене қызуы көтеріліп, ауруханаға барған. Бірнеше рет пышаққа түскенімен, қыздың нақты диагнозы тек жарты жыл бұрын ғана анықталыпты.
«22 рет аяғына ота жасалды. 19 операциядан кейін Фатима мүлдем жүрмей қалды», – деді Фатиманың анасы Гүлістан Абдуллаева.
Қазірдің өзі Фатиманың жүріп-тұруы қиын. Бүгілген аяқ та жазылмайды. Ал салмақ түссе, я ауа-райы ауысса сүйектерім сырқырап кетеді, - дейді қыздың өзі.
«1-сыныпты да дұрыс оқи алмадым. Бірінші сыныпқа бардым, сосын қалған 2-3 жылымның бәрі ауруханаға жатумен кеткен. Мектепке өз аяғыммен жүріп барсам деймін, анаммен қыдырғым келеді», – деді Фатима Аким.
Мәселе аяқта ғана емес. Балдырғанның бар қызығы, үйдегі ермегі – тоқыма болыпты. Ал қазір... көз көрмейді.
«22 наркоз алғаннан кейін қызымның көзі мүлдем көрмей қалды. Бір көзі атрафия деген диагноз қойды. Екінші көзі небәрі 5-6 пайыз ғана көреді деді», – деді Фатиманың анасы Гүлістан Абдуллаева.
Салмағы 29 келі ғана болып қалған Фатима қазір 1-топтағы мүгедек. Отбасында өзінен өзге 4 әпкесі бар. Ал жарымжан көңіл, жалғызбасты анаға баланы емдету де қиын.
«Бірінші Аллаға, екінші анама, сосын ана жанашыр адамдарға маған көмектесіп жатқандарға көп рақмет. Алла разы болсын!» – деді Фатима Аким.
Аяққа нық тұрам деген қызға қазір қаражат жетіспейді. Керекті 20 млн теңгенің жартысынан астамы жиналыпты. Бірақ сома толық болмаған соң ем кейінге қалдырылып отыр. Осы тұста қол ұшын созам деген көрермен үшін реквизитті қалдырдық.
Мадина Оқас, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы