|
09.10.2023 | 16:23
3134

Алматыда жатақхана мәселесі қалай шешіліп жатыр

Алматыдағы 35 оқу орнында 197 мың жас білім алып жатыр

Алматыда жатақхана мәселесі қалай шешіліп жатыр Almaty.tv

Жатақхана мәселесі алдағы 2-3 жылда біржола шешіледі. Бұл - Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің болжамы, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматыда бой көтеретін жаңа жатақхана Нархоз университетінің студенттеріне берілмек. Нысанның салтанатты рәсіміне министр мен әкімдік өкілдері қатысты. Оқу орны басшылығының айтуынша, «Емен» атты студенттер үйі ашылса, 400-ден астам білімгерді жатын орынмен қамтуға мүмкіндік тумақ.

– Жобаны осы айда бастаймыз. Қазір тиісті сараптамадан өтіп жатыр. Келесі жылы қарашада қолданысқа беруді жоспарлап отырмыз, – деді Нархоз университетінің президенті Мирас Дәуленов.

Университет президентінің сөзінше, жаңа жатақхананы салуға 7 млрд теңге қарастырылған. Құрылысын шетелдік компания жүргізеді. Айта кететіні, бұл Алматыда салынатын жалғыз жатақхана емес. Қаланың даму бағдарламасына сәйкес, шаһарда 2025 жылдың соңына дейін жалпы 12 мың адамды қамтитын студенттер үйін салу жоспарланған.

 – Бұл – Нархоз университетінің жері. Бірақ осы жерге жатақхана салу үшін бірнеше мәрте тұрғындармен кездесіп, түсіндіру керек болды. Бұл – үлкен қала, қаланың ортасы болғандықтан талап та өзгеше болады. Алматы қаласы дамуының жол картасында көрсетілген көрсеткіштен бірнеше есе артық орындаймыз деген үміті бар, – деді  Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев.

Ал министр Саясат Нұрбектің айтуынша, бүгінде жатақхана тапшылығы Астана мен Шымкентте де бар. Алайда Алматыда қатты байқалады. Мұны министр жалдамалы пәтердің бағасымен байланыстырады

– Биыл 32 жатақхана тапсырылады. Алматыдағы тапшылық 10 мың төсек орынға түсті. Соның өзін біз қазір хостелдармен, қонақ үйлермен келісімшарт жасау арқылы  жоюға тырысып жатырмыз. Бұл мәселе 2-3 жылдың ішінде түбегейлі шешіледі, – деді ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.

Алматыдағы 35 оқу орнында биыл 197 мың жас білім алып жатыр. Соның 126 мыңнан астамы басқа өңірден келген. Оқу жылы басталған шақта Алматының өзінде 32 мың студентке жатақханадан орын жетпеді. Сол кезде оларды хостелдерге, қонақ үйлерге, жекеменшік жатақханаларға жайғастырған еді.

Оразай Нұртайұлы, Рашиддин Якупов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алматыда үздік білім беру ұйымы марапатталды

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир