Алматының Жетісу ауданындағы 1000-ға жуық тұрғын жүрерге жол таппай қиналып жүр. Өйткені көшелеріне жүк көліктері мен КАМАЗ-дар жіптей тізіліп, адамдарға жүретін қауіпсіз жер қалмаған. Соның салдарынан кішкентай балалар судай сапырылысқан көліктердің арасынан басын қатерге тігіп өтуге мәжбүр. Жол азабын тартқан тұрғындар бұл мәселені бүгін Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың алдында көтерді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жетісу ауданына қарасты Қазына көшесі тұрғындарының басына қара бұлт үйірілгеніне тура он жылға жуықтапты. Маңайда құрылыс заттарын шығаратын кәсіпорын іске қосылғалы, онда келетін жүк көліктері бұл жолды меншіктеп алыпты. Соның кесірінен мыңға жуық тұрғын жүрерге жалғыз аяқ жол таппай қиналуда. Көшенің жартысында жіптей тізіліп, қаңтарылған жүк көліктері тұрса, ендігі бөлігінен желдей жүйткіп өзге машиналар өтеді. Кесірінен мектепке қатынайтын оқушылар судай сапырылысқан көліктердің арасымен жүруге мәжбүр.
«Балалар тұрмақ үлкендер де қорқамыз бұл жерден жүруге. Өткенде бетон аралыстырғыш көлік қатты жылдамдықпен келе жатқанда жолдан өтіп бара жатқан кішкентай бала қорқып, мұнда тұрған камаздардың бірінің астына қашып кірген. Абайсызда ол КАМАЗ жүріп кетсе бала жазым болар еді ғой», деді бір тұрғын.
«Жүк көліктері осында күндіз-түні, қысы-жазы тұрады. Ал бұл жерден кішкентай балалар, бойжетіп қалған қыздар өтеді. Кім кепіл, оларға қаңтарылып тұрған камаз жүргізушілері тиіспесіне? Олар бұл жерде тамақ ішеді, жол жиегіне дәретке де отыра салады», – деді екінші бірі.
«Бұл машиналар жолға бетондарын төгіп кетеді. Жаңа асфальтымызды әбден тоздырды. Маңайдың барлығына қоқыстарын шашып жүр», – деді үшіншісі.
«Бұл балаларға ешқандай жақсылық әкелмейді. Біздің айтқанымызға неше жыл болды. Бірақ ешкім назарға іліп те жатқан жоқ», – деді тұрғындар.
Жұрт қауіпті мәселесін айтып, талай рет жергілікті әкімдікке барған екен. Бірақ олар халыққа қарасуға құлық танытпапты. Сондықтан арыздарын арқалаған халық бұл проблеманы қала әкімінің алдында көтерді. Шаһар басшысы бірден шешім қабылдап, тиісті тапсырма берді. Осыдан соң бұл көшенің қауіпті екенін бірнеше жылдан бері елемей жүрген жергілікті билік өкілдері дереу қауіпті аумақты өз көздерімен көрді.
«Бұл – қоғамдық жол. Мұнда көлік қоюға тыйым салынған белгілер жоқ. Сондықтан біз ол КАМАЗ-дардың тұруына шектеу қоя алмаймыз. Тұрғындардың өтініші бойынша, сейсенбі күні әкімшілік полиция басқармасы өкілдерімен бірлесіп, көшені қауіпсіз ету үшін жол белгілерін қою жағын қарастырамыз. Мүмкіндік болса, тротуар салу да жоспарда бар», – деді Алматы қаласы Жетісу ауданы көріктендіру бөлімінің басшысы Ермек БАЙМҰХАМБЕТОВ.
Алматының әр аудан тұрғындарымен кездесуді әдетке айналдырған Бақытжан Сағынтаев бүгін Жетісу ауданындағы халықпен кездесу өткізді. Шаһар басшысына арыздарын арқалап, жауыр болған мәселелерін жеткізуге келген xалықтың саны көп болды. Ауданда қоғамдық көліктің жетіспеушілігі, ұрлық-қарлықтың өршуі, арық жүйесінің жоқтығы өте өзекті болып отыр екен. 65 мың xалыққа тек 3 емxана қызмет етеді екен. Сондықтан жергілікті жұрт әкімнен медициналық мекемелердің санын көбейтіп беруді сұрады. Бірақ - басты сауалдың бірі - жер үйлерді заңдастыру. Қырық жылдан бері баспанасына тілдей құжат ала алмай қиналып жүрген жанның бірі Талғат Ысқабеков. Ол үйін өзен бойына жақын орналасқандықтан, заңдастыра алмай жүр екен. Салдарынан коммуникацияға қосыла алмай, әбден қиындық көрген тұрғын әкімнен көзіне жас алып көмек сұрады.
«Бауырларым да өзім де мүгедекпін. Бір үйде 3 отбасы тұрамыз. Барлығымыз Еңбекшіқазақ ауданында тіркеудеміз. Бұл жерде ешқандай жерге бара алмайсың. Айтсаң тіркеу сұрайды. Құжат туралайын десең де, сол кедергі», – дейді Талғат ЫСҚАБЕКОВ.
«Алдында Алатау ауданының тұрғындарымен өткен кездесуде де осындай үйлерін заңдастыра алмаған адамдар көп болған еді. 1 апта ішінде олардың 500-інің баспанасына құжат рәсімдеп бердік. Сондықтан әр мәселе жүйелі түрде шешімін табады», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.
Сондай-ақ, Жетісулық тұрғындар Сейфуллин көшесінің түнгі көбелектерден әлі күнге тазартылмағанын айтып қалды. Әсіресе Сейфуллин мен Шилов көшесінің қиылысындағы №43 мектепке балаларын апаратын тұрғындар шағымдарын былай жеткізді.
«№43 мектептің жанында олар түнімен жүреді. Ертеңгісін балаларды сабаққа алып шығайын десең, қоқыста неше түрлі бәлелер жатады. Кетіп бара жатқан кезде сол жерде үйір-үйірімен тұрады ғой. Неге осыған бір шара қолданылмайды?», – деді Азамат МАҒДАНОВ.
Жиында тұрғындар әкімге екі сағат ішінде 50-ден астам сауал қойып үлгерді. Шаxар басшысы тұрғындардың барлық сауалын түртіп отырды. Бақытжан Сағынтаев «Жаңа Алматы» бағдарламасы бойынша алдағы уақытта мегаполисті қалай дамытатыны туралы жоспарларымен бөлісті. Өз кезегінде xалық бұрындары әкімдікке кіре алмайтындарын айтып, мұндай ашық кездесудің жиі болғанын құптады.
Айдана Мейрамбайқызы, Әсет Құндақбаев «Алматы» телеарнасы