Алматыда карантиннің алғашқы аптасында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тапшылығы жоқ және бағасы да бірқалыпты, деп хабарлады Almaty.tv тілшісі.
Бүгінгі таңда шаһарда 39 "Magnum" дүкендер желісі жұмысын штаттық режимде жалғастырып жатыр. Сатып алушылардың да аяқ алысы азайған. Химиялық тауарлар да жеткілікті мөлшерде. Тұтынушылардың өздері сатып алатын заттарын қиындықсыз тауып жатқанын және байбалам салудың қажеті жоқ екенін айтады.
БЛИЦ:
– Ешқандай өкпем жоқ. Қазіргі экономикалық жағдайда барлығы қолжетімді мен үшін. Басқалар үшін жауап бере алмаймын. Барлығы жақсы. Уақытша нәрсе ғой.
– Я считаю что на прилавках больше продуктов, чем до того как стало коронавирус.
– Барлық тауар бар, қымбаттаған жоқ. Бәр дұрыс.
Барлық дүкендерде сатнитарлық жұмыстар күшейтілген режимде жасалып жатыр. Арбалардың ұстағышы әр сатып алушыдан кейін арнайы қоспамен сүртілсе, дүкен ішінде жиі дымқыл тазалық жүріп тұрады. Сонымен қатар, сауда орындарында карантин ережесін толық түсіндіріп беретін еріктілермен келісіліп жатқан көрінеді.
«Халық бір жерде көп жиналып тұрып қалмас үшін қазір біз еріктілермен келісіп жатырмыз. Олар тұтынушыларға қарапайым ережелерді түсіндіретін болады. Одан өзге барлық дүкендер антисептикпен қамтылған және барлық қызметкерлер қорғаныс құралдарын пайдаланады», – деді "Magnum" компаниясының PR менеджері Дмитрий ШИШКИН.
Алматыдағы ең үлкен азық-түлік дүкендерінің бірі Магнумда алғашқы қажеттің тауарлардың барлық түрімен қамтып, баға бір қалыпта сақталып тұр дейді дүкен әкімшілігі. Ал, кейбір бөлімшелерде күріш, қарақұмық пен қант азық-түлік тауар түрлерінің жоқтығын қызметкерлердің аздығымен түсіндірді.
Бүгінде қалада тауарлар барлық тұрғынға қолжетімді болу үшін шағын базарлар да жұмысын жалғастырып жатыр. Баға жағынан дүкендерден қатты айырмашылығы жоқ.
БЛИЦ:
– Иә, іздеген тауарлардың барлығы бар көріп тұрмын. Бірінші рет келіп тұрмыз. Магнумға да барып тұрамыз. Бірақ базардың аты базар ғой. Мына жерде алатын тамақтың барлығы бар.
– Халыққа керектінің барлығы бар. Халық үйрену керек.
– Скачков не заметила. Все есть и доступно. Ассортимент не изменился.
Сондай-ақ, Алматы әкімдігі шаһардағы әлеуметтік жағынан аз қамтылған көп балалы отбасылар мен мүгедектерге қолдау көрсетуді бастады. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Сапарбек ТҰЯҚБАЕВ мәлімдеді. #Bizbirgemiz акциясы аясында енді қаладағы 18 мыңнан астам отбасыға азық-түлік және жеке гигиеналық заттармен қорғаныш құралдары таратылатын болды. Оған "NurOtan" партиясы мен кәсіпкерлер палатасы мұрындық болуда.
«Аз қамтылған отбасылар – 970, жалғыз тұратын зейнеткерлер – 2585, 1 және 2 топтағы мүгедектер – 5143 және мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған 919 отбасы анықталып отыр. Жалпы осы 18 мыңнан астам отбасын қамтамасыз ету жұмыстары жасалды. Біз бүгін осы акцияны бастап отырмыз», – деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Сапарбек ТҰЯҚБАЕВ.
Күніне мыңнан астам отбасыға азық-түлік себет тарату жоспарланып отыр. Барлық отбасыға себетті жеткізуді Қазпошта мен еріктілер өз мойнына алмақ. Қала әкімі орынбасарының айтуынша, коммерциялық ұйымдар да жеткізу жұмыстарына ат салыспақ.
Арнат Дүйсен, Мейрам Исабеков
«Алматы» телеарнасы