Блок-бекеттерде қандай жағдайда жедел шаралар қолдануға рұқсат берілген

Фото: Almaty.tv
Фото: Almaty.tv
Бақылау бекеттеріндегі қауіпсіздікті Ұлттық ұлан мен полиция қызметкерлері қамтамасыз етіп тұр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы қаласында терроризмге қарсы операция режимі аяқталып, террористік қауіптің шекті «қызыл» деңгейі алынып тасталғанымен, қауіп әлі сейілген жоқ. Қаладағы бақылау-өткізу блок-бекеттері әлі де жұмыс істеп тұр. Полиция қызметкерлеріне күдікті көліктерді тінтуге және қауіп-қатердің алдын алуға, тиісті шараларды қабылдауға рұқсат берілген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

     

Бақылау бекеттеріндегі қауіпсіздікті Ұлттық ұлан мен полиция қызметкерлері қамтамасыз етуде. Тәртіпсіздікті болдырмас үшін олар тәулік бойы өз орнында қалтықсыз қызмет атқарады.

Алматы – Қапшағай тас жолының бойында антитеррористік операцияға қарсы блок-бекеттер өз жұмысын жалғастыруда. Мұнда арнайы әскери техникалар жұмылдырылған. Сондай-ақ Алматы қаласының кіреберісі мен шығаберістерінде 5 блок-бекет қойылған.

Мұнда Ұлттық ұлан күзетке шыққалы күдікке ілінген көлік болмапты. Дегенмен елдегі жағдайды ескере отырып, сақшылар әр өткен көлікті қырағылықпен қарап, тексеріп отыруға міндетті.

«2022 жылдың 6 қаңтарында сағат түнгі 24:00 шамасында блок-бекетке түстік. Бекет барысында Ұлттық ұлан сарбаздары Алматы қаласының шет жақтарына кіре берістеріне және шығаберістеріне блок-бекеттер қойылды. Біздің міндетіміз – көліктерді полиция қызметкерлерімен тексеру. Қандай да жағдай болса, Ұлттық ұлан заңына байланысты тиісті шаралар немесе қару қолданылуы мүмкін», - деді Ұлттық ұлан әскери қызметшісі Қазыбек.

Жалпы, қазір қалада жағдай тыныш. Дегенмен, бақылау-өткізу бекеттерінде қосымша қауіпсіздік шаралары лаңкестік қауіп-қатердің «қызғылт сары» деңгейі аяқталғанға дейін жұмысын жалғастырады.  Полиция қызметкерлері жағдайға түсіністікпен қарауды сұрап, жедел шаралар қару-жарақ, заңсыз тауарлар немесе басқа да заңбұзушылықтар анықталған жағдайда ғана қолданылатынын еске салады.

Қасымхан Талғатұлы, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров