|
30.05.2023 | 20:03
2997

Қуғын-сүргін құрбандарын ақтау: 50 томдық жарыққа шықпақ

Жаңалық ауылындағы мұражай маңында үлкен кешен тұрғызылмақ

Қуғын-сүргін құрбандарын ақтау:  50 томдық жарыққа шықпақ Almaty.tv

Қуғын-сүргін мен ашаршылық тақырыбында тың деректер жарияланған 50 томдық жарыққа шықпақ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Елдің әр аймағында әріп танып, хат жазған, өзіндік пікірім бар дегеннің бәрі әуелі айдауға, кейіннен атуға кесілді. Бұған дейінгі ресми ақпарда 1927 мен 1953 жылдар аралығында 103 мың адам қуғынға ұшырап, 25 мыңның желкесіне оқ тиді десек, соңғы табылған деректер құрбандардың бұл цифрдан әлдеқайда көп екенін дәлелдеп отыр. Оларды ақтау ісін алға қойған мемлекеттік комиссия қанды тарихтың жарияланбаған тұсын біртіндеп мәлім етіп келеді. Мәселен, биыл репрессияға ұшыраған қазақтардың тек Қазақстанда емес, көршілес Қырғызстан мен Моңғолия даласында да көп болғанын айғақтайтын ресми құжат табылыпты.

– Қырғызстанда репрессияланған қазақтардың көбі жоғарғы қызметте істегендер болған. Қырғызстандағы Жоғары соттың төрағасы Мұсабек Таукин туралы, мемлекеттік істер, НКВД басшысы, сондай-ақ Саймасай деген халық ағарту комиссарының орынбасары туралы көптеген мағлұмат ала аласыздар. Мұны, міне, Қырғызстаннан шығарып алып келдік,  – дейді тарих ғылымдарының кандидаты Жұмагүл Байдилдеев (Қырғыз республикасы)

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылды. Алғашында 11 топтан құралған зерттеуге биыл «Алашорда» тарихын қазбалап, құнды дерекке жол ашатын тағы бір топ қосылыпты. Жаңалықты сүйіншілей хабарлаған ғалымдар аталған комиссияның Алаш тақырыбында 12 томдық зерттеуді дайындап жатқанын жеткізді.

– Қуғын-сүргін, репрессия – Алаштың тарихы. Атылған, асылған, айдалған, жалпы қуғын көрген адамдардың бәрінің 1 бет болса да, хаттама қағазы бар. Олар түбі шығады. Заң бойынша ары кеткенде 50 жылдан кейін аса құпия деген құжаттар халықаралық конвенция бойынша жабық жатпауы керек. Ал бізде 100 жыл бұрынғы құжаттар жабық жатыр. Бұл өте түсініксіз жағдай, – деді Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның мүшесі Ғарифолла Әнес.

Ғылыми конференцияда бас қосқан тарихшы-ғалымдардың айтуынша, сол кезеңдегі сұрқия саясат қазақ халқының санын аз етіп көрсетуді басшылыққа алған. Ал жан-жақты жиналған зерттеулерге иек артсақ, Кеңес өкіметі орнаған тұста қазақтардың саны өсім бойынша ең жоғары болған. Мұндай дерек Әлихан Бөкейханның есебінде де көрсетіледі.  

– Қазақтың саны 125 жылдың ішінде бар-жоғы 3,3 есе ғана өскен болса, қырғыздар 24,2 есе, өзбектер 17,2 есе, қарақалпақтар 19,2 есе өскен. Егер біз дәл осы өсіммен өскен болсақ, қазіргі кезде қазақтың саны кем дегенде 70 млн, тіпті 100 млн болар еді, – дейді «Алаш» ғылыми-зерттеу институтының директоры Сұлтан Хан Аққұлы.

4125. Бұл – қазақ тарихындағы қаралы кезеңде қуғынға ұшырағандардың тізімі. Алматы облысының өзінде осынша адам атуға кесілсе, күллі Қазақстанда нақақтан опат болғандардың қанша екенін ойлай беріңіз. Ал ең ескеретіні - бұл қара тақтада қазақ зиялыларынан бөлек, дін өкілдері, шаруалар мен қарапайым жұртшылық көп.

Құжаттарды құпиясыздандыру әлі де жалғасады. Ал саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алып, тарихқа тәу ету үшін Жаңалық ауылындағы мұражай маңында үлкен кешен тұрғызылмақ. Ғылыми кеңес құрылады, белгісіздерді анықтау үшін көпке ортақ портал ашылады. Мұның бәрі жоспардағы жұмыстың бір бөлігі ғана.

Мадина Оқас, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир