18 мамырда «Алматы жастары» бағдарламасына өтініш қабылдау басталады

Almaty.tv
Almaty.tv
Ұпайды автоматты түрде есептеу үшін электронды калькулятор енгізілмек
Жаңалықтармен бөлісіңіз

18 мамырда «Алматы жастарына» өтініштер мен құжаттарды қабылдау басталады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жастардың баспаналы болуына мүмкіндік беретін тұрғын үй бағдарламасы онлайн жүзеге асады. Ұпайды автоматты түрде есептеу үшін электронды калькулятор енгізілмек.

«Алматы жастары» бағдарламасын асыға күткендердің бірі - Алмас Досымғали. Ол көптен баспаналы болуды армандап, аталмыш жобаға қатысуды ұйғарыпты. Себебі басқа бағдарламаларға қарағанда едәуір қолжетімді дейді.    

«Алматы жастары» бағдарламасының ашылғанына қуаныштымын. Мұндай бағдарламалар жастарға қолдау болады. Себебі қазір жастардың үйлі болу қиындап бара жатыр. Қазір бағдарлама аясында құжаттарды жинап, ертеңге дайын отырмын»,– деді қала тұрғыны Алмас Досымғали.

Тұрғын үй саясаты басқармасы «Алматы жастары» арқылы биыл 1000 отбасын баспанамен қамтамасыз етуді көздеп отыр. Оған 18 бен 35 жас аралығындағы денсаулық сақтау, білім, мәдениет, спорт, ЖОО мен әлеуметтік сала, құқық қорғау қызметкерлері, сондай-ақ БАҚ өкілдері қатыса алады. Тіркеу бүгін түнгі сағат 12-ден бастап, 1 маусымға дейін жалғасады.

«Ал 2 маусымнан бастап сол аралықта тапсырылған құжаттардың барлығын тексеру 20 жұмыс күн ішінде жүргізіледі. Одан кейін жұмыс аясында осы бағдарламаға сай келетін, келмейтін азаматтардың тізімі, алған балы бойынша «Алматы жастары» сайтында толығымен жарияланады», – деді Тұрғын үй саясаты басқармасы басшысының орынбасары Ермек Әміров.

Өтініш берушілердің тізімі балдық жүйе бойынша ескеріледі

1. Заңды некедегі әр жылы үшін 1 ұпай беріледі;

2. Әр балаға 1 ұпай қосылады;

3. Бағдарламаға қатысушылар өз саласындағы еңбек өтілінің әрбір жылы үшін 2 балл иеленеді;

4. Әлеуметтік осал топтағы отбасыларға автоматты түрде 5 ұпай қосылады. 

Олардың қатарында мүмкіндігі шектеулі жандар мен жалғызбасты аналар бар. Шарттарына келер болсақ, несиенің жоғары сомасы – 18 млн теңге. Пайыздық мөлшерлеме – 5 процентті құраса, бастапқы жарна 10 пайыз. Айта кетейік, биылғы бағдарламаға тұрғылықты жері бойынша тіркеу қажеті жоқ. Бастысы азаматтардың еңбек өтілі 6 айдан кем болмауы тиіс.

Мерей Қанапиянов, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров