Атыраулық бір топ азамат 8 айдан бері тапқан ақшасын ала алмай жүр. Күтуден шаршаған олар бүгін наразылық білдіріп, басшыларына еңбекақымызды қайтарсын деген талап қойды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Маңдай термен тапқан еңбекақымызды ала алмай жүрміз дегендердің бірі – Жеңіс Өтемісов. Оның айтуынша, жарты жылдан бері басшылық күнде ертеңмен «ертегі» айтып жүрген.
«Жекеменшік «Қазгруп» компаниясында жұмыс істедім. Соңғы жалақымызды ала алмай жүрміз. Басшылық «береміз» деп жұбатып қояды. Алдап келе жатқанына 8 ай болды», – деді жұмысшы Жеңіс Өтемісов.
Жеңіс сияқты әлі күнге дейін жалақысын даулап жүрген азаматтардың саны – 15. Олардың біразы Орал, Ақтау, Ақтөбеден келіп вахталық жұмыс істейтіндіктен бүгін бес-алтауы ғана келген.
«Қазір жұмыссыз жүрмін, төлейтін несием бар. Ата-анамның қолына қарап отырмын. Біздің ақшамызды неге бере алмай отырғанын білмеймін», – деді жұмысшы Сәтжан Ғаниев.
Компания басшыларынан үмітін үзген азаматтар еңбек инспекциясына шағымданған екен. Қазір осы мәселе бойынша тиісті құжаттар жинақталып, жеке сот орындаушыларына арыз жіберіліпті.
«Азаматтардың арызы бойынша компанияға тексеріс жүргізілді.14 азаматқа 4 миллион 500 мың теңге берешегі бар. Олар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар берешекті өндіру жөнінде нұсқама енгізілген болатын. Алайда аталған мекеме нұсқаманы мерзімінде орындамады. Соған байланысты құжаттар жиналып, жеке сот орындаушыға мәжбүрлеп өндірту жөнінде жолданды», – деді облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының бөлім басшысы Кемел Иманғалиев.
Азаматтардың талабын тыңдауға компания басшысы да келді. Жұмысшыларды сабырға шақырып, мәселені шешіп беруге уәде етті.
«Біздер «Сиси Пи» компаниясымен бірге жұмыс істедік. Олар соңғы жалақыны компанияға аударуы керек болған. Бірақ бір себептермен аудармады. Қазір жұмысшылар сол үшін ақшасын ала алмай отыр. Қалай бізге жібереді, солай ақшасын алады», – деді компанияның бас директоры Рафик Сарсенов.
Наразы топ бұл жолы басшымыз сөзінде тұрмаса жоғарғы жаққа дейін барамыз, талабымыз орындалғанша тынбаймыз деп тарқасты.