Елімізде 1 қыркүйектен бастап алаяқтар рәсімдегелі жатқан несиелер бірден бұғатталмақ

08.08.2024 02:23

Қаржы ұйымдары «Антифрод» платформасына тіркеледі

Сгенерировано ИИ

Egov.kz арқылы ерікті түрде несие алудан бас тартқан адамдардың атынан кредит алуға өтініш түссе, қаржы ұйымдары әлгі жүйе арқылы тұтынушының деректерін тексереді, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Егер қателік анықталса, оған несие рәсімделмейді.

- Алаяқтардан қорғау мақсатында eGov.kz порталы арқылы осындай ерікті түрдегі бас тартуды қойса болады. Ондай бас тарту сіздің кредиттік есебіңізде көрсетілетін болады. Және де банктер, микроқаржылық ұйымдар сондай ақпараттың бола тұра кредит берсе, онда ол кредиттерді есептен шығару қажет болады, - дейді ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі департаментінің бөлім басшысы Белла Чиканова.

Осы жылдың ақпанынан бастап елде 385 мыңнан аса адам ерікті түрде несие алуға тыйым салып қойған екен. Бірақ ол кезде алаяқтар мұндай шектеуге қарамастан несие рәсімдей алатын. Енді қаржы ұйымдары кредитке өтініш берген адамның жеке деректерін қарап, тексеретін болады. Яғни, оларға жауапкершілік артылады. Қазір Антифрод платформасы пилоттық режимде жұмыс істеп тұр.

- Антифрод орталығында алаяқтыққа тән операциялар бойынша бірыңғай деректер базасы да құралады. Және ол барлық қатысушы тарапқа қолжетімді болады. Қазіргі уақытта алаяқтық белгісі бар операциялар бойынша бұғатталған қаражаттың жалпы көлемі 30 миллион теңгеге жуықтайды. Сол арқылы 400-ге тарта күдікті операция анықталды, - дейді ҚР ұлттық банкі төлем жүйелері департаментінің бас экономист маманы Мадина Секерханова.  

Оқи отырыңыз:Мегаполистегі мектептердің бірінде 30 млн теңгеден астам ақша ұрлағаны анықталды