Бұл – қауіпті аймақ: Текелі тұрғындары неден қорқады

elements.envato.com
elements.envato.com
Тұрғындар экологиялық апатқа қатысты дабыл қағуда
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жергілікті жұрт бұл жерді «қалдық қойма» деп атап кеткен. Қала орталығынан екі шақырым жерде орналасқан. Жол бойында «қауіпті аймақ» деп жазылғанымен, жан-жағы қоршалмаған. Полигон маңында ел мал бағып, саңырауқұлақ теріп жүр, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Бұл қауіпсіз аймақ емес. Кезінде дүркіреп тұрған «қорғасын-мырыш» комбинатының өндіріс қалдығы елу жыл бойы осы жерге төгіліп келген екен. Залалсыздандыру жұмыстары жүргізілгендіктен бе, бұрындары қалдық қойманың бар-жоғы білінбеді, тек соңғы жылдары көктем-жаз айларында күлімсі иіске тұншығатын болдық дейді тұрғындар.  

- Қыста қатып тұрады. Көктемде қатқақ жер ерігенде жағымсыз иіс шығады. Жазда жағдай ушыға түседі. Мұнда мал жайылып жүреді. Осы жерден су ішеді, біз сол етті жейміз, сатамыз, - дейді Текелі қаласының тұрғыны Айжан Оразалинова.

Айжан Оразалинова өндіріс қалдығы ауаны да, суды да, жерді де улап біткенін айтады. Халық тыныс алу жолдары аурулары, аллергия, қатерлі ісік сынды сырқаттардың өршуін экологияның нашарлығынан көреді.  

- Балаларым жиі ауырады. Бірінде созылмалы бронхит, екіншісінде аллергия бар. Жаз бойы диареямен алысамыз. Осының бәрі полигонның кесірінен болып отыр, тезірек жапсыншы, - деді Текелі қаласының тұрғыны Фарида Есетова.

- Біз ауруханадан кеше ғана шықтық. Полигонды жапса дейміз, сол үшін менің қызым ауырады, екінші, үшінші жеті сабаққа бармай жатырмыз, - деді Текелі қаласының тұрғыны Айгерім Мұқашева.

Шамамен 70 гектарды алып жатқан өндірістік полигонға су толтырылған. Қала әкімінің орынбасары тіршілік нәрі зиянды заттарды ауаға таратпайды, экологияға еш зиян келіп жатқан жоқ дейді.  

- Өздеріңіз көрген шығарсыздар, 7-ге бөлінген, шахтадан су құбырмен ағып келеді, зиянды заттар судың астына шөгіп қалып жатыр, - дейді Текелі қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Жітібаев.

Тергілікті тұрғындар жазда қоймадағы судың тартылып қалатынын айтады. Мәселенің бәрі сол кезде басталады дейді. Сәл жел соқса, қалдық құрамындағы улы заттар ауаға тарап, жаңбырмен жерге сіңеді, сондықтан оны көму керек, дейді белсенділер.  

- Бізде екі полигон бар. Бір қалдыққоймаға қалпына келтіру жұмысы жасалынған. Екінші  қалдыққойма бойынша бүгінде екі инвесторымыз бар, солар қалпына келтіру жұмысын атқарады. Олар министрлікке жүгініп жатыр.  Құжатнама қалай дайын болады, солай жұмыстар атқарылады, - дейді Текелі қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Жітібаев.

Текелі тұрғындары мұндай жоспардың талайын естіген. Сондықтан тағы да сиырқұйымшаққа салынып кете ме деп алаңдайды. Әкімдіктегілердің мәліметінше, күл-қалдық қоймасын көмуге 2018-2020 жылдары ақша бөлінген. Алайда жобалаушы жіберген олқылықтарға байланысты қаражат қазынаға қайтарылыпты. Қазіргі басшылық та жою жұмыстары қай уақытқа жоспарланғанын нақты айта алмады. Соған қарағанда ұзақ жылдан бері қордаланған мәселе әлі шешілмейтін сыңайлы.

Меруерт Сабыртай, Мирас Анитов, "Алматы" телеарнасы, Жетісу облысынан.  

Оқи отырыңыз: Горилла іштің бе: Талғар ауданында 5 бала неден уланды

Новости партнеров