Жетісу облысында кімдер заңсыз жер қазып жүр

Almaty.tv
Almaty.tv
Аудан әкімінің орынбасарының айтуынша, іс құқық қорғау органдарына тапсырылмақ
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Жетісу облысында бәзбіреулер алтын кенін жаппай қазып жатыр». Осылай деген Суықсай ауылының тұрғындары арнамызға хабарласып араша түсуді сұрады. Азаматтардың айтуынша, елдімекеннен 25 шақырымға жуық жерде тереңдігі 2 метрден асатын шұңқырлар пайда болған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл – Ақсу ауданына қарасты Суықсай ауылының аумағы. Алтын іздеген компаниялар керегін алып, гектар-гектар жерді қопарып кете беріпті. Салдарынан айнала осылай қоқысқа толған. Гектарлап қопарылып, ел өтер жолдың жарамсыз болғанынан шаршаған суықсайлықтар таңмен бас көтерді. Олар жайлауға шығатын сайды қазып, тынымсыз тас алатын кәсіпкерлердің жұмысына қарсы.

– Суықсай округінің тұрғындары мал, егін шаруашылығымен айналысады. Келешек балаларға қалатын жер ғой, – деді Суықсай ауылының тұрғыны Ғалымжан Мерекенов.

Тұрғындар «жері шұрайлы, табиғаты тамаша аумақты белгісіз біреулер тас-талқан етіп тастады» деп күйінеді. Ашынған азаматтардың айтуынша, демалатын орында бүгінде аяқ алып жүру мүмкін емес.  

– Жерді, жолды қазып кеткен. Ешкімнен сұрамаған. Ойына келгенін жасап жатыр, – деді Суықсай ауылының тұрғыны Ғалымбек Сейсебаев.

Өңір тұрғындары аталған мәселеге тіпті әкімдіктің қатысы бар ма деп күдіктенеді. Өйткені тау-тасты қопарып, қазба іздегендерге бірнеше жылдан бері еш тосқауыл болмаған.

– Бірінші жылы емес. Бұл істі тоқтату керек, бақылайтын орган бар ма? Жайлауға шығатын жолды халық жасаған, бірақ қазір жүре алмаймыз, – деді Суықсай ауылының тұрғыны Сайлау Сексенбаев.  

– Жөн-жосықсыз қазған жандардың ісін тоқтатуды талап етеміз. Біріншіден, экологияға кері әсер етеді. Екіншіден, керемет жерімізді қазған дұрыс емес. Бассыздыққа жол бермейміз, – деді Суықсай ауылының тұрғыны Боранбек Жексенбек.

Жиналған жұртпен бірге мән-жайды ұғу үшін аудан әкімінің орынбасарын шақырдық. Шенеуніктің айтуынша, іс құқық қорғау органдарына тапсырылмақ.

– Бұл жерде заңсыз жұмыс істеп жатыр. Бізден де, басқа органдардан да рұқсат алынбаған.  Біз жақында білдік, ешкім айтқан жоқ, – деді Ақсу ауданы әкімінің орынбасары Амандос Сабырбаев.

Азаматтардың сөзіне сенсек, бұрынырақта бұл аумақта шахта болған көрінеді. Көпшіліктің айтуынша,  жұмыскерлер алтын қазуы мүмкін. Дегенмен ел аузындағы сөзді ешкім растай алмаған.

Анықтай кетейік, қазба жұмысын жүргізгендердің жер астынан нақты нендей металл алып жатқаны әзірге белгісіз.

Диана Тұрлыбек, Мирас Анитов, «Алматы» телеарнасы, Жетісу облысы

Оқи отырыңыз: Көкшетауда су тасқынынан мүлкіне зиян келген 65 адамнан өтініш түсті

Новости партнеров