Бишімбаевтың ісі: Салтанат Нүкенованың қандай жағдайда көз жұмғаны көрсетілді

Фото видеодан алдынды
Фото видеодан алдынды
Жалпы отырыс ертең сағат 10:00-да жалғасады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Салтанат Нүкенованың қандай жағдайда көз жұмғаны таспаланған видео көрсетілді. Жантүршігерлік жазбаны сот отырысында көпшілік назарына прокурор ұсынды. Ол жерде Қуандық Бишімбаевтың әйелін аяусыз соққыға жығып, тепкінің астына алғаны анық көрсетілген. Алайда тыңдалымда экс-министр жағдайға қатысты ешқандай жауап айтпады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бишімбаевтың ісі – қазір көптің талқысына түсіп, күйіп тұрған тақырып. Мұқым ел Салтанат ажал құшқан сәттегі деректерді экс-министрдің өз аузынан естір күнді асыға күткен. Бүгінгі тыңдалымда кезек күтпей бірінші осы әңгіме айтылды. Концертте басталып аяғы өлімге әкелген жанжалды күдікті жарты күн бойы көсіле баяндады. Ол Нүкенованы таяқтайтын ойы болмаса да, шапалақпен ұрып, бірнеше рет тепкілегенін жасырмады. Әйелінің демі үзілгенін түсінген кезде бірден жедел жәрдемге емес, балгерге хабарласып, көмек сұраған.  

– Салтанат есін жимаған соң, көріпкел танысыма хабарластым. Оны оятуға тырысқанымды, алайда оянбағанын айттым. Ол маған 10 минуттан соң хабарлас деді. Қайта қоңырау шалғанымда «Салтанат жай ғана шаршаған, қазір есін жияды, үйіңе қайтасыңдар» деп айтты. Оның сөзіне сеніп, мен де тынышталдым, – деді сотталушы Қуандық Бишімбаев.

Дегенмен бәрі көріпкел айтқандай болмады. Бишімбаевқа Нүкеновамен бірге қайту бұйырмаған. Есін жиып, енді оянады деген әйелі қолында жан тәсілім етіпті. Залда отырып, оқиға барысын тыңдаған Салтанаттың қос құрбысы шыдай алмай эмоцияға ерік берді. Сағаттап баяндаған күдіктінің бір сөзі де шындыққа жанаспайтынын айтты.

– Сіздер естідіңіздер ме жаңағы сөздерді?! Бір деммен отырып тыңдадым. Жүрегім ауырып кетті. «Өзі соғылды, өзі ұрылды». Бұл миға қонымсыз нәрсе ғой, – деді С. Нүкенованың құрбысы Карина Асралан.

Жантүршігерлік бұл жазба Салтанаттың өмірінің соңғы сағатында таспаланған. Марқұмды мейрамхананың дәлізінде аяусыз соғып, шашынан сүйрелей бірнеше рет вип бөлмеге тасығаны көрінеді. Прокурор ұсынған материалға Бишімбаев ешқандай жауап айта алмады.

Сұралымда айтқан Бишімбаевтың жауабы залда отырған Салтанаттың туыстарына ауыр тиді. Нүкенованың туған ағасы Айтбек өрбіген әңгімеге шыдай алмай сыртқа шығуды сұрады. Оның жағдайын ескерген сот түске дейінгі тыңдалымға 10 минуттық үзіліс берді.

Ал жалпы отырыс ертең таңғы сағат 10:00-да жалғасады.

Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы, Астанадан

Оқи отырыңыз: Судья Бишімбаевтың жақтастарына сотты жаңылыстырғаны үшін ескерту жасады

Новости партнеров