Орталықта негізгі 6 жоба бар
Биыл 19 мың адам Алматыдағы Халықты жұмыспен қамту орталығына өтініш берген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қолынан іс келетін мамандар қай уақытта да жұмысты оңай тауып кетіп жатады. Оларға вакансия ұсыну да жеңіл. Мәселен, түрлі компанияларға арнайы киім тігетін мемлекеттік бағдарлама бойынша жұмысқа тұрған бірнеше маман бар.
Нұрзила Көкембаева 7 жыл бойы жұмыссыз. Жарты жыл бұрын орталық арқылы жаңа жұмысына кіріскен. Бүгінде ол тапсырыс бойынша 10-нан астам компанияға арнайы форма тігеді.
«Қолымнан іс, тігу келетін болған соң орталыққа бардым. Осы компанияны таңдадым. Істеп жатқаныма жарты жыл болды. Тұрақты ақшамды алып тұрамын», – деді қала тұрғыны Нұрзила Көкембаева.
Қазір қаладағы азаматтарды жұмыспен қамту орталығында негізгі 6 жоба бар. Олардың ішінде әлеуметтік жұмыс орындары мен қоғамдық қызмет кең сұранысқа ие. Мәселен, ұзақтығы 12 айдан аспайтын ұсыныс үшін әр азамат 91 мың теңге көлемінде жалақы алады. Бұл – салық пен әлеуметтік аударымды ескергендегі сома. Ал, әлеуметтік жұмыс орындарына бағытталған жоба негізінен мүмкіндігі шектеулі жандар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған арнайы түлектерді, сондай-ақ зейнеткерлік жас алдындағы тұлғалар мен пробация қызметінің есебінде тұрғандарды қамтиды.
«Арнайы білімді, арнайы курстарды қажет етпейтін 16 жастан жоғары зейнетақы жасына дейінгі азаматтар қатыса алады және оның ұзақтық мерзімі 12 айға дейін жалғасады. Айлығы 30 айлық есептік көрсеткіш. Бұл жерге бізге арнайы мекемелер 1 қарашада өздеріне өажетті маман санын байланысты өтінім бере алады. Біз осылай мекемелермен келісімшартқа отыру арқылы азаматтарды 12 ай көлемінде жіберетін боламыз», – деді Халықты жұмыспен қамту орталығының бөлім маманы Өтеген Төрежан.
Жалпы, аталған орталық 6 бағыт бойынша жыл басталғалы бері 19 мың азаматтың өтінімін қабылдаған. Мұның ішінде 7 мың адам қоғамдық қызметке орналасса, әлеуметтік жұмыс бойынша 700-ден аса тұрғын оң нәтижеге қол жеткізген.
Мадина Оқас, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы