«Байланыс аясынан тыс жерде». Алматы облысы Жауғашты ауылының тұрғындары бір айдан бері байланыссыз отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Байланыстан біржола ажырадық деген жауғаштылықтар бүгін ауыл ішіндегі абақты алдына жиналып арызын айтты. Тұрғындардың айтуынша, түрме аумағындағы бұғаттау құралы ауылдағы байланыс желісін де тұмшалап тастаған.
«Менің істеп жатқан жұмысым осыинтернетке байланысты болғасын, өте көп клиенттерімді жоғалтым. Астанадан басшылықпен хабарласа алмай қалдым, мен қашықтан жұмыс істеймін. Бірталай берілген тапсырманы орындай алмағандықтан, жақында жұмыстан шығуға мәжбүр болдым», – деді Жауғашты ауылының тұрғыны Ералы Шынхожаев
«10-15 қарашадан бастап бұғатталды. Байланыс мүлде ұстамайды. Айтайын дегенім 4 балам оқиды мектепте, мұғалімдермен қарым-қатынас жоқ. Сенбі күні менің 5 жастағы ұлым қатты ауырды. Жедел жәрдем шақыра алмадық», – деді көпбалалы ана Самал Есенбаева.
Бұқара байланыс операторының ақысын ай сайын төлеп отыр. Бірақ сапалы қызметке қол жеткізе алмағанына наразы. 1500 тұрғыны бар елдімекенмәселенің әділ шешілуін талап етіп, сотқа жүгінбекші.
«Биыл қауіпсіздік қызметімен бірге жемқорлық факт туралы 6 дерек тіркелді. Қызметкерлер де бар, жеке кәсіпкерлер бар. Ұялы телефонды ішке кіргізбекші болған», – деді Алматы облысы және Жетісу облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті бастығының орынбасары Қанат Ашов.
Ал қылмыскерлердің заңға қайшы құралдары, телефон сынды жабдықтарын бұғаттау үшін заң аясында құқымыз бар деген қылмыстық атқару жүйесі өкілдері, тәртіпті күшейтіпті-мыс. Оған 4G операторларының жаңаруы себеп екен.
«Түрменің ішіне телефонды қалай алып кіргізеді? Кім кіргізіп жүр? Неге ол үшін халық жапа шегуі кере? Байланыстты бұғаттамас бұрын алдын ала байланыс операторларымен неге келіспейді? Неге телефонды байланыс аясын шектейді?», – деді Жауғашты ауылының тұрғыны Оксана Капустина
Ал Жауғаштыдағы №10 әйелдер түрмесіне жауапты өкіл орын алған олқылықты шешетінін айтып қана шектелді. Бірақ нақты мерзімін атап көрсете алмаса да, бұғаттау мәселесінің барын сөзінен аңғартып тұр.
«Эксперименталды түрде жүргізілген. Қазіргі таңда әлі қосылмаған. Байланыс жүйесі компаниясымен келісім болып жатыр. Тұрғындардың зиянын тигізбеу үшін мәселесі шешіліп жатыр», – деді Алматы облысы және Жетісу облысы бойынша қажд қарасты №10 мекеме бастығының міндетін атқарушы Ердос Беріков
Бүгіннен бастап Заречный мен Жауғашты түрмесі маңындағы ауылдардың мәселесі операторлардың назарына алынды дейді жауаптылар. Дегенмен байланысты бұғаттайтын жеке компаниямен Қылмыстық атқару жүйесі Департаменті қайта тексеріс жүргізбек.
Әлібек Шынтемір, Ғани Қалуов, Мұратбек Алмасхан, «Алматы» теларнасы