Қаңтар оқиғасына қатысты құзырлы органдардың басшылары Мәжілісте қоғам сұрақтарына жауап беруі керек. Депутат Жанарбек Әшімжан еліміздің Бас Прокурорының атына жолдаған сауалында «Қаңтар оқиғасына құқықтық баға қашан беріледі?» деген көпшіліктің үнін жеткізді. Ол жақында қалың бұқарамен және істі болып жатқандардың туыстарымен арнайы кездескенін және олар тергеу изоляторларында азаптаулар болғанын айтқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Депутат Жанарбек Әшімжан депутат ретінде қылмыстық іске араласуға, баға беруге құқы жоқ екенін атап өтті. Алайда, қоғам тарапынан қойылған талап-тілектерді тиісті мемлекеттік құрылымдардың алдына жеткізуге міндеттіміз деп отыр. Жақында ол қаңтардың қаралы күндері ең ауыр жағдайларды бастан кешкен Алматы облысы мен Алматы қаласында болып, істі болып жатқандардың туыстарымен арнайы кездескен.
«Абақтыда жатқандардың ата-аналарының талаптары бойынша Талдықорған қаласындағы тергеу изоляторында болып, жастармен де жүздесіп, сөйлестім. Себебі істі болып жатқандардың ата-аналары, туыстары тарапынан «тергеу изоляторларында нағыз азаптаулар, қылмысты күшпен мойындатудың адамтөзгісіз түрлерін қолданып жатыр» дегенді алға тартты. Бүкіл камераларды аралап, әрқайсымен жеке-жеке сөйлесіп, көз көріп, көңіл сенген жағдайларды көңілі алаң болып отырған туған-туыстарына жеткіздім», - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан.
Депутат осы күндерде түрлі әлеуметтік желілерде елдің көңіліне қаяу түсіретін сантүрлі ақпарат тарап жатқанын жеткізді. Ал сол елдің құлағын елу қылған ресми емес ақпараттар елдің арқасын аяздай қарып, халық ішінде түрлі қауесеттердің ошағын маздатты дейді.
«Жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырғандар, қару ұрлағандар кімдер? Қанша адам жәбірленді? Жапа шеккен кәсіпкерлер мен зәбір көрген азаматтарға толыққанды көмек көрсету үдерісі қашан аяқталады? Арандаған кімдер? Арандатқан кімдер?.. Уақыт ұзаған сайын сенім сетінеп, күдіктің тұманы қалыңдай береді. Сондықтан тиісті күштік құрылымдар, мемлекеттік орган басшылары жеделдетіп Мәжілістің төріне келіп, оқиғаға байланысты осы және басқа да сауалдарға ашық және анық, бетпе-бет жауап беруі керек», - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан.
Ал депутат Ерлан Саиров қазіргі шиеленісті халықаралық жағдай отандық бизнес өкілдеріне кері әсер етіп жатқанын жеткізді. Логистиканың бұзылуына байланысты Европадан елімізге келетін тұқым, тыңайтқыш, өсімдіктерді қорғау құралдарын жеткізу қиындап кеткен. Көктемгі егістік жұмыстарына тұтынуға қажетті ауқымның 50 пайызы ғана жеткізіледі деген болжам жасалуда. Ал импорттан келетін өсімдікті қорғау құралдары қажеттіліктің 90 пайызын құрайды.
«Отандық бизнес өкілдері жүздеген миллион теңге шығынға ұшырауда. Үкімет қимылдап жатыр, бірақ мына заманда өте ширақ болу маңызды! Анықталғандай, еліміздің бизнесі көптеген халықаралық сауда брендтерімен Ресей арқылы жұмыс істеген! Ол брендтер көршімізден жаппай шығып жатыр! Мұнай тасымалдаудың да проблемасы қылтийып тұр! Неге Үкімет кезінде мұнай тасымалының, сауда брендтерінің балама логистикасын ойластырмаған?!» - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров.
Бұдан бөлек, Мәжіліс депутаттары өңірлерді аралау барысында сайлаушылардың жеткізген әртүрлі мәселесін Үкімет басшыларына сауалмен жолдады. Оның басым бөлігі ауыл шаруашылығы мен білім саласына қатысты. Мәселен, шаруалар жеңілдетілген жанар-жағармайдың жетіспеушілігі және бағасының қымбаттылығы, егіс тұқымының жоқтығы секілді проблемаларын айтқан.
Асылбек Тойбек, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан