Қазақстанда ірі кинотеатр желілері жұмысын тоқтатуға мәжбүр

Almaty.tv
Almaty.tv
Ресейге салынған санкцияның әсерінен 800-ге жуық отандасымыз жұмыссыз қалуы мүмкін
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ел кинопрокатының 30 пайыздан астамын жауып отырған ірі компаниялар сәуірден бастап жұмысын тоқтатуға мәжбүр. Kinopark және Kinoplexx кинотеатрлар желісінің өкілдері Ресейге салынған санкцияның әсері отандық киноиндустрияны да айналып өтпей отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

    

Бүгінде киноға барып түрлі картина тамашалау халықтың сүйікті әдетіне айналған. Алайда кинотеатрлар босап қалудың алдында тұр. Өйткені еліміздегі ең ірі кинотеатрлар желілерінің өкілдері сәуірде жабылатынын мәлімдеп отыр. 

Kinopark және Kinoplexx кинотеатрлар желісінің мамандары мәселе Disney, Sony сияқты голливудтық кинокомпаниялардың Мәскеу арқылы жеткізілетін өнімдеріне қатысты болып отырғанын айтады. Елімізде кинотуындыларды жеткізетін екі дистрибьюторлық компания болса, соның бірімен жұмыс істеу қиынға соғып тұрған көрінеді.

«Sulpak Қазақстанға 30-40 пайыз әкеледі, 30-40 пайызын Meloman компаниясы әкеледі. Бірақ қазіргі таңда Sulpak компаниясы «біздің кинолармен ешқандай проблема жоқ, біз сіздерге береміз» деп отыр. Негізгі мәселе Meloman компаниясында болып отыр», - деді Kinopark және Kinoplexx кинотеатрлар желісінің жетекшісі Алмаз Малдыбаев.

Көрсетілетін фильмдер пакеті түгел болмаса, компанияға жұмыс істеу тиімсіз. Осындай қиындықтардың себебінен айына 3 млрд теңге кірістен қағыламыз әрі банктер алдында берешегіміз көп дейді мамандар. Жабылудың басты себебі де осы екен. Қазірдің өзінде наурыз айына жоспарланған бірнеше картинаның премьерасы тоқтап қалған. Әрі компанияның 800-ге жуық адамы жұмыссыз қалмақ.

«Қазіргі орысшаға аударылған кинолар беріледі. Оларды 1-2 айда көрсетеміз. Бірақ негізгі мәселе қалады. Ал қалған, яғни жазда, күзде жоспарланған кинолар бойынша не болады?» - дейді Алмаз Малдыбаев.

Ал «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» голливудтық кинокомпаниялардың ешқайсысы Қазақстанға фильмдерін бермеу туралы ресми хабар таратқан жоқ деген ақпар таратты. Ал отандық фильмдерді прокатқа шығаруда ешқандай мәселе жоқ екен.

«Голливудтық Universal Pictures, Warner Brosers, Paramaunt Pictures, Megago компаниялары Қазақстан аумағында еш өзгеріссіз жұмыс істейді. Аталған студиялар шығарған фильмдер Қазақстан жерінде белгіленген кесте бойынша нақты жүзеге асырылады», - делінген Sulpak Cinema Distribution хабарламасында.

Дистрибьюторлар осылайша алаңдайтын еш негіз жоқтығын айтады. Ал екі ірі компанияның мәселесі қашан шешілетінін белгісіз. 

Еске салсақ, Ресейге салынған санкциялар 1 наурызда өз күшіне енген еді. Америкалық компаниялар өз фильмдерін Ресейде көрсетуді тоқтататынын мәлімдеген болатын.

Назкен Еркін, Сағынғали Мұғайтпасов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров