«Денесін таппадық, демек тірі». Осылай деп жыларман болған Алматы тұрғыны қаңтардағы дүрбелең кезінде хабар-ошарсыз кеткен ағасын 4 ай бойы шарқ ұрып іздеп жүр. Айтуынша, 1978 жылы Қарақалпақстанда туған Азат Жұманиязов Қазақстанға жұмыс істеуге келген. Белгісіз біреулер соңғы рет оны «Алтын орда» маңынан көргендерін айтыпты. Енді туыстары жоғалып кеткен інісін қалайда тауып, оның шекараның ар жағындағы отбасына оралуын тілеп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Нұрлан Өтениязов қаңтардағы дүрбелең кезінде үйінен шығып, қайтып оралмаған ағасы Азат Жұманиязовты іздейді. Сөзінше ағасы қарапайым құрылысшы болып жұмыс істеген. 4 ай бойы хабар-ошарсыз кеткен жақынының суретін «Алтын орда» базары маңына іліп, сұрастып жүргелі де көп болыпты.
«Жылап күнде хабарласады. Кішкентай қызы әкесін күнде сұрайды. Алаңға бармады деп ойлаймын. Себебі 5 қаңтар ұялы телефоны «Долан» жақта өшіп қалған. Ал митинг қаланың ішінде болды. Мүмкін біреу оны күштеп алып кеткен шығар. Өйткені өз еркімен бармайды», – дейді А. Жұманиязовтың інісі Нұрлан Өтениязов.
Хабарсыз кеткен туысының өлі-тірісін біле алмай дал болған жақындары, жақсы жаңалықтан үмітін үзген емес. Бір үйдің асыраушысын іздеп, Қарақалпақстан Республикасынан туған әпкесі де келіп кеткен екен.
«8 ақпан 1978 жылы туған бауырым. Қаңтарда жоғалып кетті деген соң Алматыға арнайы келдім. Бауырымды тауып беруге жәрдем берулеріңізді сұраймын», – дейді А. Жұманиязовтың әпкесі Шырынгүл Жұманиязова.
Ағамызды қалайда табамыз деген туыстары Алатау аудандық Полиция басқармасына 17 қаңтарда жүгінген екен. Алайда одан бері еш нәтиже болмапты.
«Алатау ауданы Полиция басқармасының мәліметінше, Азат Жұманиязовты іздестіруге арналған арнайы тергеу тобы құрылып, іздестіру ісі қозғалды. Оның інісі Нұрланның айтуынша, Азат Қордай ауданындағы туысқан ағасына кетіп, сол күйі оралмаған. Қазіргі таңда іздестіру ісі әлі де жалғасып жатыр», – дейді Алматы қаласы Полиция департаментінің бастығы Салтанат Әзірбек.
Қаңтар оқиғасы кезінде жоғалған жақынын туыстары мәйітханадан да іздеп көріпті. Өйткені арнайы еріктілер тобының да іздеу жұмыстары аяқталған екен. «Денесін таппадық, демек тірі жүр» деген Азаттың туғандары фотодағы азаматты көрген-білгендер болса, ақпарат беруін өтінеді.
Әлібек Шынтемір, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы