2020 жылы әлеуметтік көмек алатын оқушыларға тамақ, оқу құралдары мен мектеп формасы берілмек

31.12.2019 в 00:35

Алматыда биыл АӘК рәсімдеу бойынша 12 мың отбасына 7 миллиардтан астам қаражат жұмсалған

Бүгін Бақытжан Сағынтаевтың қатысуымен өткен аппараттық кеңес барысында атаулы әлеуметтік көмек пен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың қалай іске асып жатқандығы қорытындыланды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Нақтырақ айтатын болсақ, биылғы жылдың сәуір айынан бастап Алматыда атаулы әлеуметтік көмекті рәсімдеу бойынша 50 мыңнан астам адам кеңес алыпты. 12 мың отбасына 7 миллиардтан астам қаражат жұмсалды. Мемлекеттен атаулы көмек алуға 15 мыңдай отбасы өтініш берген. Азаматтардың атына аударылған шоттардың басым бөлігі - 4 миллиард 736 миллион теңгеден астам қаржы республикалық бюджеттен бөлінді. 2018 жылы атаулы әлеуметтік көмек төлемдерін 596-ға жуық отбасы алған. Ол 140 миллион теңгеден астам қаражатты құраған.

Қазіргі таңда Әлеуметтік әл-ауқат басқармасының аудан әкімдерімен біріге халық арасында түсіндіру жұмыстары аяқталды. Барлық аудандардағы басқарма бөлімдерінде атаулы әлеуметтік көмек алу бойынша құжаттар қабылдануда. Осылайша, 2020 жылдың қаңтар айынан бастап көмек алатын балалар кепілдендірілген әлеуметтік пакетпен қамтылады. Ал мектеп оқушыларына тамақтан бөлек, оқуға қажетті жабдықтар, мектеп формасы берілмек. Сондай-ақ, оқушыларға қоғамдық көлікте жүру үшін 50 пайыз жеңілдік жасалады.



АТАУЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК 2019 ЖЫЛ

50,4 мың адам кеңес алды

12 183 отбасы көмек алды

15 455 отбасы өтініш берген



АТАУЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК 2020 ЖЫЛ

балалар тағамы - 4 710 теңге

мектептегі тамақтандыру - 300 теңге

мектеп формасы - 17 мың теңге

мектепке қажет құрал-жабдықтар - 8 мың теңге

жолақы - 50%