Алматыдағы Құлжа күре жолы мен Рысқұлов даңғылындағы жолайрықта көлік қозғалысы ашылды. Жаңа эстакада мегаполистегі кептелісті азайтуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жолайрық құрылысында 500 адам жұмыс істеді. Мердігерлер көп ұазамай аймақты абаттандырып, қаланың оңтүстігі мен солтүстігін байланыстартын жүргіншілер көпірін салуды да жоспарлап отыр. Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев пен «Нұр Отан» партиясы төрағасының орынбасары Бауыржан Байбек жұмысшыларға алғыстарын білдірді.
«Қала мен әуежайды жалғайтын №2 эстадаканың ашылуы көлік тығынын азайтады және жолдағы уақытты 15 минутқа қысқартады. Бұл жол торабы – үлкен жоба. Ол біздің қаламыздағы көлік кептелісін азайтуға көмектеседі. Сондай-ақ, Шығыс айналма жолы арқылы қала орталығына үздіксіз қатынауға мүмкіндік береді», – деді мердігер компанияның атқарушы директоры Фариз ТУТАДЗЕ.
Бақытжан Сағынтаев пен Бауыржан Байбек жұмыс сапары кезінде индустриалды аймақтағы бірнеше өндіріс орнын аралады. Солардың бірі – болат құбыр шығаратын «Asia Steel Pipe» зауыты мен жоғары механикалық торлар мен панельдер өндіретін «Tokyo Rope Almaty» кәсіпорны.
Сонымен қатар, қос басшы «Hyundai Trans Kazakhstan» құрылысымен және заманауи электробус шығаратын «Falcon Eurobus» зауытының жұмысымен де танысты. Жаңа электротранспорт осы шілде айынан бастап Төле би көшесімен жүретін болады. Алматыда жиналған экотранспорттың сапасын Сағынтаев пен Байбек өздері мініп, тексеріп көрді.