Бостандық ауданы бойынша мемлекеттік бюджетке 481 млрд.теңгеден астам қаржы түсті. Ауданда 5 ірі және орта өнеркәсіп орындары белсенді жұмыс атқарады. Олардың өнімдерінің көлемі 74 млрд теңгеге жуықтап, негізгі капиталға инвестициялар тарту көлемі 204 млрд. теңгені құрады. Ауданда 4511 жаңа тұрақты жұмыс орындары құрылды. Ал тауар айналымы 458 млрд. теңгеге жеткен. Жұмыссыздықтың деңгейі 2019 жылы - 5,2 пайызды құраса, 2018 жылы бұл көрсеткіш 5,3 пайызды көрсеткен еді.
Залға лық толған тұрғындар жұмыс күніне қарамастан уәждерін айтуға арнайы келген. Ал есеп беруге аудан әкімі қағаздарын реттеп, тас түйін дайындалып келгені байқалады. Алтай Рахымбетов ауданның бір жылда жеткен жетістігінің бірін қалдырмай жіпке тізді. Жасалған жұмыс аз емес. Аудан әлеуметтік-экономикалық жағынан дамыған, қылмыс азайыпты. 10 бетке жазылған мөрдей есепті зудыратып оқып жатқан Алтай Рахымбетовті қала әкімі Бақытжан Сағынтаев тоқтатты.
«Іштеріңіз пысып кетті ма? Айтыңыздаршы, қызық емес. Жұмыссыздық көрсеткіші, экономика жайы, салықтан түскен пайда. Мұның барлығы санмен, процентпен айтылғандықтан кімге керек? Мұны кім түсінді? Сіздер осыны тыңдауға келдіңіздер ма? Сіздерге осы керек па? Егер қызық десеңіздер ол әрі қарай оқысын», - деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.
Халық басшыларға біртабан жақын бола түскен әкімдерді көргенде, кезекке тұрып, сұрақ қоюға ұмтылды. Ел-жұрт ойын және балалар алаңының аздығын, иттерін қыдыртатын саябақтың жоқтығын айтып шағымданды. Сондай-ақ, жарығы жоқ көшелер жайы тағы бар. Ал барларын неге үнемдемейміз деп наласын айтты.
Алматы әкімі бастаған «еркін микрофон» форматы ел арасында жақсы пікір қалыптастырды. Сұрақ қойып, жауап алуға мүмкіндік берген қала басшысына аудан жұртшылығы алғыстарын айтып тарқасты.
Жадыра Омаржан, Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы