Қаңтар оқиғаларына қатысты 101 қылмыстық іс сотқа жіберілді, 62 адам сотталды. Бұл туралы Бас прокуратураның Қылмыстық қудалау қызметі бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Оның айтуынша, жедел-тергеу топтарының өндірісінде сотқа дейінгі 3 666 тергеп-тексеру ісі бар. Терроризм актілері мен жаппай тәртіпсіздіктер туралы істерден басқа, тонау, ұрлық, қаруды ұрлау, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне қатысты күш қолдану фактілері тергелуде.
«Қаңтар оқиғалары кезінде 4 мыңнан астам адам түрлі дәрежеде жарақат алған. Оның ішінде 2402-і – полиция қызметкерлері, 990-ы – қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге тартылған әскери қызметшілер.
Ақтөбе қаласында ұялы телефон бейнежазбасының арқасында И. есімді азаматтың 5 қаңтарда ВАЗ-21014 автокөлігін басқарып, облыс әкімдігі алдында полицейлерді үлкен жылдамдықпен соққаны анықталды. Соның нәтижесінде 4 полицей дене жарақаттарымен ауруханаға жатқызылды», - дейді ҚР Бас Прокуратурасы қылмыстық қудалау қызметі бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов.
Сонымен қатар қаңтар оқиғасында дүкендер мен банкомат тонағандар ұсталған. Тек өткен апта ішінде мүлікті және қаруды ұрлау фактілері бойынша 7 күдікті қолға түсіп, сот санкциясымен қамауға алынған.
Бұдан бөлек, Бас прокуратура қару-жарақты өз еркімен тапсырғандар жауапкершіліктен босатылатынын жеткізді
«Естеріңізге сала кетейік, тұлғалар атыс қаруын, оқ-дәрілері мен жарылғыш заттарды сақтағаны үшін ғана, егер олар ерікті түрде тапсырылса және әрекеттерінде басқа қылмыс құрамы болмаса, қылмыстық жауапкерішіліктен босатылады», - деді Елдос Қилымжанов.