Президент дінтанушы, ғалым Әбсаттар қажы Дербісәлінің отбасы мен туыстарына көңіл айтты

Әбсаттар Дербісәлі өкпе қабынуымен ауырып, кардиология бөлімінде жүректен қайтыс болған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елбасы Н. Назарбаев пен ҚР Президенті Қ.Тоқаев көрнекті дінтанушы, қоғам қайраткері, ғалым Әбсаттар Дербісәлінің өмірден өтуіне байланысты орны толмас ауыр қайғыға ортақтасып, марқұмның отбасы мен туған-туыстарына көңіл айту жеделхаттарын жолдады, деп хабарлайды  Almaty.tv. 

Тұңғыш Президент Әбсаттар Бағысбайұлының ғибратты ғұмыры мен жарқын бейнесі жұртшылық жадында әрдайым сақталатынына сенім білдірді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та белгілі дінтанушының отбасы мен жақын туыстарына көңіл айтты. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли хабарлады. «Халқымыз көрнекті ғалымның есімін әрдайым ардақ тұтады» деп жазылған Президенттің жеделхатында. Арда азаматтың ақтық демі 74-ке таяған шағында үзілді. Замандастары «Кәсібилігінен бөлек азаматтығы да бір төбе еді» деп оны қимастықпен еске алды.

Қазақ елі бүгін бір дін ғалымынан айрылды. «Шын мәнінде біз Аллаға тәнбіз әрі оған қайтушымыз» деген Әбсаттар қажы бүгін сағат түнгі 2 шамасында бұл дүниемен қош айтысты. Әбсаттар Бағысбайұлы Дербісәлі 1947 жылы Түркістан облысында дүниеге келген. Ағамыздың сөзі мен ісі қандай болса пайым-парасаты да нардай еді. Күні кеше елпілдесіп жүрген орта буын ағалары осылай деп бүгін егіле еске алуда.

«Бүгін таңертең Қазақстан мұсылмандары діни басқармасын 10 жылдан астам уақыт басқарған, дін қайраткері, академик, көрнекті ғалым Әбсаттар қажы Дербісәлінің қайтыс болғаны туралы қаралы хабар жетті. Марқұмның отбасына, туған-туыстарына, барша мұсылман қауымына тағы да көңіл айтамын. Алла алдынан жарылқасын. Иманы саламат болғай», – деді  Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы.

Ғұмырын ғылым мен білімге, діни ағарту саласына арнаған Әбсаттар қажы Бағысбайұлы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасын басқарған мүфтияттың оқу-ағарту саласын жаңа деңгейге көтерді. Оның қаламынан туған ғылыми еңбектер мен ғибратты шығармалар өз оқырмандарын ізгілік пен ізденіске, имандылық пен адамгершілікке үндей беретіні сөзсіз. «Ұстаз талантты болса, шәкірті талапты болады» демекші, марқұмның шəкірттері бүгінде Қазақстанның түкпір-түкпірінде дін қызметін абыроймен атқарып жүр.

«Әсіресе, шәкірттер тәрбиелеуде ол кісі үлкен еңбек етті. Сонымен қатар, мынау медреселердің құжатын толықтай рәсімдеп және оның лицензия алуына ол кісі сүбелі үлес қосты. «Нұр-Мүбәрәк» университетінің ашылуына және оның қалыптасуына ықпал етті. Дін ағарту саласына ұстаздардың білімді болуына, әсіресе, шетелге имамдар жіберуде ол кісі өте табанды еңбек етті. Бір айта кетерлігі, ол кісә ғалыммен ғалым деңгейінде, жас баламен жас баланың деңгейінде, қарапайым адаммен қарапайым тілде сөйлесіп өзінің зиялы, парасатты жан екенін дәлелдеп көрсеткен азамат еді», – деді ҚМДБ-ның баспасөз хатшысы Ағабек Сыдықов.

Қажы өкілінің сөзінше, Әбсаттар Дербісәлі өкпе қабынуымен ауырып, кардиология бөлімінде жүректен қайтыс болған. 

Енді ағамыз туралы өткен шақта айтуға мәжбүрміз. Рухыңыз пейіште шалқысын, жақсы аға.

Новости партнеров