Ақтөбеде әкімдіктегі шенеуніктер қоқыс шығарып жүр

Almaty.tv
Almaty.tv
Қоқысқа көмілген көшелер қала тұрғындары үшін үйреншікті көрініске айналған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ақтөбеде қаланың қоқыс-қалдығын әкімдіктегі шенеуніктер шығарып жүр. Себебі тазалық компанияларының күші жеткіліксіз, жұмысы мандымай тұр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Саусақпен санарлықтай ғана техникасы бар коммуналдық мекемелер аузы-мұрнынан төгіліп жатқан күл-қоқыс контейнерлерін босата алмай әлек. Оның үстіне тозығы жеткен арнайы құрылғылары екі күннің бірінде сынып, жұмыс тұралап қалады екен.

Қоқысқа көмілген көшелер қала тұрғындары үшін үйреншікті көрініске айналған. Тіпті бұл мәселенің бір күні шешімі табылады дегенге жұрт күмәнмен қарайтынын жасырмады. Көпшілік қоқыс-қалдық туралы сөз қозғағысы да келмейді. 

Дегенмен жағымсыз иіс туралы айтпасқа амал жоқ:

– Иісі өте жағымсыз. Қасынан өту мүмкін емес. Арасында келіп, қоқысты тазалап тұрады. Уақытылы келмеген соң ба, білмеймін, әйтеуір қашан қарасақ, контейнерлер толып, шашылып жатады.

– Қоқыс уақытылы алынбайды. Екі күн болды. Айналадағы дүкендер жәшіктеді шығарады. Сонымен толып қалады. Екі-үш күн болды алынбай, сасып жатқанына.

Бір ғана Алматы ауданы бойынша қоқыс жинау 2 компанияның мойнына жүктелген. Техникалары ескі, жұмысшы саны аз мердігер мекемелер істі тыңғылықты атқара алмай жатқан көрінеді. Сондықтан 20 елдімекеннің қоқысын шығаруды Алматы ауданының әкімдігі өз мойнына алыпты.

– Алматы ауданы әкімдігі 20 елдімекенді ұйымдастырып, шығарып жатырмыз. Клинсити компаниясы да өз жұмысын толықтай атқара алмай жатыр. Мердігерлерден техника, жүк тиегіш және қосымша трактор алып, өз күшімізбен шығарып жатырмыз. Халықты сабырға шақырамын, – деді Алматы ауданының әкімі Медет Ысқақов.

«Қазір тұрмыстық қалдықтарды тазалау үшін жаңа 4 техниканы пайдаланып жүрміз» деген аудан әкімі жуырда тағы 25 жабдық келетінін айтып қуантты. Ал тұрғындардың қоқыс шығару ақысын уақытылы төлемеуінен жұмыстың өнбей отырған көрінеді.

– Зерттеп қарағанда бір подьезден айына 3-4 мың теңге шығады, яғни 80 пайыздайы төлемей отыр. Аптасына 3 рет тазаласын деп талап қояды. Ал ақшасын төлемейді, – деді Алматы ауданының әкімі Медет Ысқақов.

Мәселені шешу үшін жергілікті билік жаңа әдіс қолданбақ. Енді қоқыс шығару ақысын төлемеген пәтерге су да, жарық та, газ да берілмейтін болады.

Райгүл Еншібай, Жомарт Құдайбергенов, «Алматы» телеарнасы, Ақтөбе

Оқи отырыңыз: Бюджет қаражатын жымқырған: Қостанайда 17 қылмыстық іс тіркелді

Новости партнеров