Жаңа бастамаға қолдау. Алматыдағы жоғары оқу орындарының бірінде стартап жобаларды іске асырып, оны қаржыландыруға бағытталған бизнес-инкубатор ашылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Асылжан Сәтмағамбетов Азаматтық авиация академиясында әуе диспетчері мамандығы бойынша білім алады. Оқу орнында қазір студенттер ұсынған жаңа жобаларды қолдау мақсатында бизнес-инкубатор ашылған. Асылжан өзінің авторлық стартапы ретінде оларға мобильді қосымша жасап шығаруды ұсыныпты. Студенттің өтініші мақұлданып, қазір осы бағытта қарқынды жұмыс атқарып жатыр.
– Ағылшын тіліндегі кейбір сөздерді авиациялық радиобайланыста қолдануға болмайды. Мысалы, бағытты айтқан кезде «to» деп айтамыз, ал пилоттар «екі» деген сөз деп, шатасуы мүмкін. Осындай көп ереже бар. Соларды үйренуге арнайы онлайн платформа жасап шығардық, – деді жоба авторы Асылжан Сәтмағамбетов.
Ал бизнес-инкубатордың директоры жаңа жобамен келген резиденттерге барынша қолдау көрсететінін айтты. Идеяны әзірлеу, оны инвесторларға ұсыну, жобаны жүзеге асыру үшін серіктес табу, қаржыландыру, сондай-ақ өнімді нарыққа шығаруға көмек береді екен.
– Авторлық бизнес-жобалармен келетін адам көп. Біз алдымен іріктеуден өткізіп, одан кейін инвесторларды, ірі кәсіп иелерін шақырамыз. Олар өздеріне ұнаған стартап бойынша жұмысты бастайды. Біз де қолға алғаннан кейін бәрін соңына дейін жеткізуге тырысамыз, – деді Бизнес-инкубатордың директоры Маргарита Никитина.
Қазір Азаматтық авиация академиясы жанынан ашылған бизнес-инкубаторда 25 жоба бойынша жұмыс атқарылып жатыр. Жоспарға сәйкес, 2025 жылға дейін 100-ге жуық резидент өзінің діттеген мақсатына жете алады.
Гүлмарал Изатқызы, Аида Иманәлі, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Көкшетау тұрғыны кешенді тест тапсыруға той көйлегімен келді