|
27.03.2024 | 20:38
1354

Алқабилер сотына қандай тыйым салынады

Олар үкім шығара алатын қылмыс саны 44-ке жетті

Алқабилер сотына қандай тыйым салынады Almaty.tv

Қанды қылмысты қарайтын алқабилерге жәбірленуші тараппен де, айыпталушының жақтастарымен де байланысуға тыйым салынған. Бұл туралы Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

"Үкім шығаруға тікелей атсалысатын топқа белгілі шектеу де болады" деген ол ереже сақтамаған алқабилер соттан бірден шеттетілетінін айтты. Іріктелген 12 адамның барлығы да бейтарап болуы шарт.

Алқабилер соты Қазақстанда 2007 жылдан бастап қолданылады. Бастапқыда олар өлім жазасы мен өмір бойына бас бостандығынан айыру бойынша істерді ғана қараған. Ал биыл алқабилер үкім шығара алатын қылмыс саны 44-ке жетті.

Судьяның айтуынша, алқабилерді бекітер алдында атқарушы органдар кездейсоқ тәртіппен кемінде 100 адам шақырады. Соның арасынан негізгі құрамға - 10, қосымша 2 азамат іріктеліп алынады. Олардың барлығы құқық қорғау саласына қатысы жоқ, мемлекеттік қызметтен тыс болуы керек.

– Негізгі құрамдағы 10 адам алқабилер алқасы және кәсіби судья болады. Он бір адам сотталушының тағдырын шешеді, – дейді Алматы қаласы Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Бақытхан Бәкірбаев.

Тағылған айып алқабилер қарайтын істердің қатарында болса, сотталушы да үкімді сол кісілердің қарастырғанын сұрауға құқығы бар көрінеді. Мұндайда судья ол өтінішті қабылдауға міндетті болады. Кері қайтара алмайды. Заңгерлер «сотталушы осылайша жазасын жеңілдетуге, тіпті ақталып шығуға мүмкіндік алады» дейді. Себебі алқабилерге қылмыс орнын зерттеп, сұрақ-жауап ұйымдастыруға да болмайды. Олар сотта көргені бойынша ой түйіп, шешім шығарады.

– Кейбір істерде алқабилер шынымен керек. Өйткені азаматтардың тағдырын судья мен прокурор ғана емес, қарапайым тұрғындар да шешуі тиіс деп ойлаймын. Әділ алқабилер отыратын болса, бұл тәжірибені жүзеге асырған дұрыс, – деді заңгер Ғабит Өмірбеков.

Алқабилер қарайтын қылмыстар санының артуына байланысты оларға жүгінетіндер қатары да көбейгені байқалады. Жоғарғы соттың дерегінше, 2020 жылы олар 42 істі ғана қараса, 2023 жылы оның саны 130-дан асты. Судьялардың айтуынша, биыл бұл көрсеткіш мыңға жетеді.

Оразай Нұртайұлы, Ернат Болатбек, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров

Janalyqtar tizbegi

След. →
Прямой эфир