Алматыда мектеп оқушысының арызынан кейін полицейлер пансионаттан бір топ бала мен қызметкерлерді бөлімшеге алып кетті. Оның ішінде құзырлы органға жүгінген жасөспірімнің өзі де бар. Ал баланың арызы бойынша ол жерде діни сабақ оқытылған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алаңсыз жатқан пансионаттың бір кеште шырқы бұзылды. Оған себеп те бар, бұл мекемеде тұратын жеткіншектің бірі арызданған көрінеді. Енді сол арыз бойынша істі анықтауға арнайы құрылған топ барған еді, алайда 1 сағаттай кіре алмай ұзақ тұрды. Іштен шыққан кісі бастығының рұқсатынсыз есікті аша алмайтынын айтып, уақыт созуға тырысты.
Екі сағат өткенде ғана кезекші прокурор шақырылып, полицейлер ішке кірді. Анықталғандай, бұл жерде 13 бала тұрады екен. Барлығы мектеп жасында. Арызданған баланың аты-жөнін тәртіп сақшылары айтпаған еді. Бірақ мекемедегілер бір баланың ата-анасын шақырып үлгерген.
– Өтірік айтады. Балам өтірікші. Баламды білемін. Балам өтірік айтады, – деді баланың әкесі.
Ата-ананың бұл сөзіне тәртіп сақшылары да, психолог пен арнайы маман да таңқалды. Ол ұлының қауіпсіздігіне емес, мекеменің абыройына алаңдап отыр. Ұзақ сөзталастан кейін, мекеме басшысы құзырлы органның талабына келісті. Жеткіншектің бәрі Түрксіб аудандық полиция басқармасына жеткізілді.
– Түрксіб аудандық Полиция басқармасына сол ауданда орналасқан пансионаттың тұрғыны хабарласты. Жасөспірім өзінің соққыға жығылғаны туралы суыт хабар жеткізді. Дабыл берген бала әкесіне тапсырылды. Басқа балалардың ата-анасы іздестіріліп жатыр, – деді Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Полиция департаментінің хабарлауынша, қазір жан-жақсы тексеру жүріп жатыр. Соның аясында пансионат қызметкерлерінің іс-әрекетіне құқықтық баға беріліп, тиісті шешім қабылданбақ.
Оразай Нұртайұлы, Әлішер Ерғалиұлы, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Тілімді алмады: анасы мен өгей әкесі 7 жастағы қызды соққыға жыққан