Нұр-Сұлтанда он мыңнан астам үлескер әлі де өз үйіне кіре алмай жүр. Кезінде жеке баспанаға деп қаржы салғандардың біршамасының қиялдағы бақытты күнге жете алмай көз жұмғаны да рас. Тапқанын жалдамалы пәтерге жұмсауға мәжбүр болған бір топ үлескер арнамызға осылай деп шағымданды. Мұң-зарын биліктегілерге жеткізуді өтінген 500-ден артық азамат «15 жылдан бері елорда шенеуніктері бізді қаперіне алмай келеді» дейді. Almaty.tv тілшісі Нұржан Сәдірбай баяндайды.
Қарлығаш Елшібаева он бес жыл бұрын толық бітуі тиіс «Территория комфорта-1» тұрғын-үй кешенінен үй алуға қыруар қаржы салған. Жақындарының «құрылысы бітпеген үйге ақшаңды салма» деген ақылды да тыңдамадым дейді. Сол кеңеске құлақ аспаған азаматша үлескер болудан шаршағанын айтады. Оның үстіне, жақында Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігінің жанындағы ведомствоаралық комиссия мәселелі үйдің құрылысын тек 2022 жылы қолға алатынын жариялапты.
«Оған дейін үш жарым жыл бар. Біз осы қиындыққа тап болғалы қалада бес әкім өзгерді. Әлі белгісіз. Екі күннің бірінде түрлі өзгеріс орын алып жатыр. Үш жарым жылда бізді қандай өзгеріс күтіп тұрғаны да белгісіз. Осы нысанда 513 үлескер бар», – деді үлескер Қарлығаш ЕЛШІБАЕВА.
Үйдің құрылысы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында бітпек. 500 үлескерді пәтерлі ету «Елорда құрылыс компания» мойнына жүктелген. Бірақ үлескерлер ол күнге де жете алмаймыз ба деп қорқады. Ал үлескерлердің көз жасынға қалғандар – «Тамыз Инвест Групп» өкілдері. Алайда, олар сотталып кеткен. Сол себепті, қалалық тиісті басқарманың мамандары қолымыздан басқа ештеңе келмейді дегенді алға тартады.
«Барлық мәселе бір күнде шешілмейді. Әр нысанның тарқатылмаған өз түйіні бар. Біреуінің құрылысы тек 50 пайыз, келесісі 10 пайыз, тағы біреуі 70 немесе 90 пайыз ғана дайын тұрады. Көбісінің инженерлік құрылысы, нысанды көтеруге құжаты жоқ болып жатады. Әр құрылыстың салынар нормативі бар. Сондықтан осыны қаперге ала отыра, «Нұрлы жер» бағдарламасымен 2022 жылға дейін қаладаға барлық мәселелі нысандардың құрылысын аяқтамақпыз», – деді Нұр-Сұлтан қаласы Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының бас маманы Азамат ТАЛАСБАЕВ.
Басқарма мәліметінше, елордада он мыңнан артық үлескер өз кезегін күтіп жүр. Мәселелі құрылыстардың жалпы саны – 52. Оның 29-ы өте өзекті, яғни шиеленіскен, шешімі қиын деп танылған. Қалған 23 құрылыс алаңы шенеуніктер бақылауында. Айтпақшы, «Территория комфорта-1» тұрғын-үй кешенін тексергендер құжаттан шикілік тапқан. Демек, барлық үй қайта сырылуы да ғажап емес.
Нұржан Сәдірбай, «Алматы» телеарнасы, Астана