Петропавлда су тасқынынан зардап шеккен 53 отбасы үйлі болды

07.06.2024 00:36

Жоспар бойынша тағы 700 үй салынбақ

Almaty.tv

Петропавлда су тасқынынан зардап шеккен 53 отбасы үйлі болды. Апаттан баспанасыз қалған бұқараға шаңырақ кілтін облыс әкімі мен «Қазақстан халқына» қорының өкілдері табыстаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Тасқын үйін шайып кеткен тұрғынның бірі – 72 жастағы Екатерина Чалкина. Ол апаттан соң бірден мемлекеттен қолдау сұрап, үйге өтінім берген. Қариясы, баласы мен келіні, немересі бар үлкен отбасына аумағы 80 шаршы метрлік баспана бұйырды. Екі есе кең, жарық та, жайлы үйге қоныс аударған олар шаңырақ шаттығын тойлатып жатыр.

– Қазіргі үйіміз үлкен. Қолайлы, бар жағдай жасалған. Бұрынғы баспана шағын болған. Үйдің салынып бітуіне жағдай жасаған әр азаматқа рақмет айтамын. Біздің жолымызды басқаларға беріп, олар да қуансын, – деді қала тұрғыны Екатерина Чалкина.

Жаңа үйлердің алғашқы легі 53 отбасына табысталды. Баспаналар «Қазақстан халқына» қорының қаржысына тұрғызылған. Құрылысы  24 сәуірде басталып, 1,5 айға жетпей аяқталды. Үйдің аумағы 80 шаршы метр,  үш бөлмелі.  Қысқа мерзім ішінде Бірлік шағынауданын тұрғызу үшін 5 млрд теңге бөлінген.

– Су апаты болғанда өңірге келіп, қай жерде құрылыс жүргізуге болатынын ақылдастық. Кең дала болып тұрған. Бүгін көріп қуанып жатырмын, – деді «Қазақстан халқына» қоры төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева.

Бірлік шағынауданындағы құрылыс жұмыстары әлі де жалғасады. Мұнда 3 мыңға жуық адам тұрады деп жоспарланған. Жоспар бойынша тағы 700 үй салынбақ. Бүгінде баспанасыз қалған 300-ден астам отбасы көмек сұрап, өтініш берген. Аймақта мектеп, емхана, балабақша сынды әлеуметтік нысандар да қарастырылған.

Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы, СҚО-дан

Оқи отырыңыз: Қарағандылық үлескерлер үйсіз қалуы мүмкін