|
21.08.2024 | 19:36
212

Су емес, батпақ ішіп отырмыз: Жезқазған жұрты ауыз суға зәру

Тұрғындардың айтуынша, сапасыз судан денелері бөртіп, қышыма да пайда болған

Су емес, батпақ ішіп отырмыз: Жезқазған жұрты ауыз суға зәру Almaty.tv

Жезқазған жұрты таза судан таршылық көріп келеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Су емес, батпақ ішіп отырмыз». Бұл – бірнеше жылдан бері үйдегі құбырдан сасық сұйықтық пайдаланған тұрғындардың жанайқайы. Олардың айтуынша, сапасыз судан денелері бөртіп, қышыма да пайда болған.

– Су түсі сары, исі сасық. Денеміз қышиды. Халық қышыма, қотыр болып жүре ме? Ішетін суды сатып аламыз, – деді қала тұрғыны Гүлзағира Байкенжина.

Сапасыз суды тұтынып отырған аудан азаматтары еш әрекетсіз отырған билік басындағыларға ашулы. Шағымын айта барған тұрғындарға жауаптылар «жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр» деп қысқа қайыратын көрінеді.

– Таза суды қашан ішкенімізді еске түсіре аламаймын. Көп жылдан бері фильтрдің суын сатып аламыз. Балаларды жуындыру мүмкін емес. Аптасына бір рет қана жуынамыз, себебі денеміз қышиды. Түсі тұрмақ, судың иісі де сұмдық. Не істеуге болады, білмейміз? Әкімдіктегілер өтірік уәдемен тойдырып бітті. Бір емес, екі емес, бірнеше жыл осы жағдайды бастан кешіріп келеміз, – деді қала тұрғыны Мария Венченко.

Тіршілік нәрінен таршылық көрген көпшіліктің сұрауын Жезқазған қалалық Тұрғынүй коммуналдық шаруашылық бөліміне жеткіздік.

– Жергілікті әкімдік қызмет көрсетуші ұйымдарға судың сапасы мен құрамын тексеру үшін арнайы хат жолдады. Олар ауызсудың құрамын тексеруі тиіс. Бұл мәселе қала басшылығы бақылап отыр. Су мәселесінің 10 жылдың көлемінде көтеріліп келе жатқанын растаймыз, – деді қалалық ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары Абылай Есен.

Мамандардың сөзіне сенсек, Жезқазған қаласында 2019 жылдан бері су желілерін қайта жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Әкімдік асығар емес. 2026 жылға дейін жалғасатын бағдарламаға сәйкес, қаладағы магистралдық, кварталдық желілер жаңарып жатқан көрінеді.

Алтынгүл Төлегенова, Наргиз Жанабекова, «Алматы» телеарнасы, Ұлытау облысы

Оқи отырыңыз: ШҚО-да туберкулезден көз жұмғандардың саны артты

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир