|
02.08.2022 | 19:37
8652

Алматы облысында жұмысшылар жалақысын ала алмай жүр

Тұрғын үй ғимаратаның құрылысын жүргізіп, айлықсыз қалған 100-ден астам адам бар

Алматы облысында жұмысшылар жалақысын ала алмай жүр Almaty.tv

Алматы облысында жұмысшылар 3 айдан бері жалақысын ала алмай жүр. Нәпақасын даулағандар бүгін құрылыс компаниясының алдына жиналды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бұл наразы топ күнде осында келіп жалақыларын даулайды. Еңбекақыларын ала алмай жүргендеріне бірнеше ай болған. Тұрғын үй ғимаратаның құрылысын жүргізіп, айлықсыз қалған 100-ден астам адам бар.

«Кредитіміз бар, қара тізімге іліктік. Пәтер ақысы, бала-шағаны бау керек. Мына жерде 25 жұмысшы істедік. Қазір әр жерден бір ұсақ-түйек жұмыс істеп жүрміз», – деді жұмысшы Айдос Өмірбаев.  

Мұнда құрылысшылардан бөлек, ірі компанияға жұмыс істеуге келген жауапкершілігі шектеулі серіктестік өкілдері де бар. Соның бірі – Назгүл Тойғанбекова. Ол өз компаниясындағы 30 жұмысшымен бірге келіпті. Енді өзі де, жұмысшылары да ақшадан қағылып отыр.

«Элит строй басында ақшаны береміз деген. Біз күттік. Мамыр айында бізде компанияда ақша қалмады. Сәуірде ақырғы актті жаптық. Енді олардың қарызы бар. Ол 7,5 миллион», – деді мердігер компания өкілі Назгүл Тойғанбекова.

Тұрғын үй құрылысы әлі де жалғасып жатыр. Ғимарат сыртында көрсетілген құжат бойынша құрылыс 2022 жылдың ақпан айында аяқталады делінген. Алайда тұрғын үйдің қабатын әлі толық көтеріп те үлгермеген. Мән-жайды анықтамақ болып, құрылыс компаниясының басшылары отыратын кеңсеге арнайы іздеп бардық. Олар бұл әрекетін бастаған істі аяғына дейін жеткізбеді деп түсіндірді. Тіпті құрылыс кезінде қабырғаны нығайту жұмысына бірнеше олқылық барын айтады.

«Құрылысшылар тұрғын үй салуда аса маңызды бөлігімен айналысты.  9 қабатты үйдің іргетасының мықты болуы солардың жұмысына байланысты. Ол жерде бірнеше қателіктер байқалды. Алматы таулы аймақта орналасқан сейсмикалық қауіпті қала екенін ескерсек, тұрғындардың амандығы біз үшін аса маңызды. Жалақыны ала алмауларының басты себебі осы», – деді «Элит строй құрылыс» компаниясының атқарушы директоры Зауре Алиева.  

Наразы топ кәсіпкердің бұл уәжімен келіспейді. Себебі, мердігер компания өкілінің қолында міндеттелген жұмысты толық аяқтады деген ресми құжаты бар көрінеді. Енді олар құрылыс саласының мамандарын жалдап, сапаны тексеру үшін тәуелсіз сарапшылар жалдамақ. Олай болмағанда құрылысшылар істі сотқа береміз деп бекініп отыр.

Ұлағат Арғын, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир