Биыл өңірлік комиссия жұмысының қорытындысы бойынша 25 тиімсіз делдал жойылды
Өңірлік комиссия Алматы базарларында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын қымбаттатқан 213 деректі анықтады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына қойылатын 15%-дық сауда үстемесінің сақталуын қамтамасыз ету және делдалдар тізбегін жою мақсатында, Алматы қаласында азық-түлік тауарларына баға белгілеудің барлық тізбегі бойынша делдалдық схемаларды тексеру жөніндегі Өңірлік комиссия жұмыс істейді, оның құрамына жергілікті, орталық, құқық қорғау органдары (Экономикалық тергеу, Сауда, Мемлекеттік кіріс, Бәсекелестікті қорғау және дамыту, Техникалық реттеу департаменттері, Аумақтық инспекция және т.б.), сондай-ақ Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының өкілдері кіреді.
Комиссия мүшелері тұрақты негізде қаланың «Түрксіб», «Арыстан», «Сары-Арқа», «Тау-Самалы», «Көк базар», «Тастақ», Ақ-Бұлақ», «Барыс-4» және тағы сол секілді негізгі азық-түлік базарларында баға белгілеуді бақылау бойынша іс-шаралар өткізіп отырады.
Атап айтқанда, «Барыс-4» базарын тексеру барысында өңірлік комиссия 54 кәсіпкердің қызметінде заң бұзушылықтың жайттарын анықтады, оның 29-ы тауардың бағаларын көрсетпей сатқаны үшін Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 193-бабы, қалған 25-і әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына қойылатын 15%-дық сауда үстемесін қымбаттатқаны үшін Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 204-4 бабы бойынша жауапкершілікке тартылды. «Барыс-4» базарының сатушылары арасындағы делдалдар тізбегін жою және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына қойылатын 15%-дық сауда үстемесінің сақталуын қамтамасыз ету бойынша жұмыс жалғасатын болады және ол комиссияның ерекше бақылауында қалып отыр.
Биыл өңірлік комиссия жұмысының қорытындысы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына қойылатын 15%-дық сауда үстемесін қымбаттатудың барлығы 213 жайты анықталды, 198 әкімшілік хаттама жасалды, сондай-ақ 25 тиімсіз делдал жойылды.
Сондай-ақ мониторинг барысында, құқықтық сауаттылықты арттыру үшін, аталған базар кәсіпкерлерінің әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын ұстап тұруға қатысты туындаған мәселелеріне түсінік берілді, қосымша ретінде өз құқықтарын қорғау тұрғысынан дер кезінде ден қою үшін мүмкіндік беретін сотқа дейінгі рәсімдер туралы түсінік берілді, сондай-ақ «Сапалы өнім» әлеуметтік жобасын іске асыру шеңберінде және Қазақстан Республикасының «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңнамасы нормаларының шеңберінде, ішкі нарықта азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері талқыланды.