Маған дейін де «Қазақфильм» аумағының 70 пайызы жалға берілген, қазір де беріледі - Азамат Сатыбалды

11.01.2024 00:38

Жеке меншік компания өкілінің айтуынша, жаңа көлік әкелу жоспарланған

Almaty.tv

«Қазақфильм» киностудиясының аумағы жаңа қытайлық көліктерге толып қалған. Әлеуметтік желіде «қара шаңырақ енді темір тұлпар сататын автотұраққа айнала ма?» деген шу көтерілген еді. Мекеме басшысы осы әңгімеге пікір білдірді. Оның айтуынша, аумақ жеке меншік компанияға жалға берілген. Заңды тұлға тек көлік қою үшін жерді уақытша алған көрінеді. «Одан түскен қаражат жұмысшыларға жалақы ретінде төленеді» деді Азамат Сатыбалды. Сондай-ақ белгілі актер қазір не себепті қызметкерлерін ақысыз демалысқа жіберіп жатқанын да түсіндірді.

– Қызметкерлер 10 күнге ақысыз демалысқа кетті. Қазір жұмыс жоқ. Бұл –қысқартудан аман-есен сақтап қалудың жолы. Мен заңды белшеден басып, «Қазақфильмді» ресторан жасап жатқан жоқпын. Бос жерлерді игерумен айналысып жатырмын. «Қазақфильм» маған дейін де 70 пайыз  жалға берілген, қазір де беріледі. Мемлекеттен бір тиын ақша алмай, қызметкерлерге айлық тауып беруіміз керек, – деді Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ президенті Азамат Сатыбалды.

Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының жалпы аумағы - 16 гектар. 3 ғимарат бар. Бұған дейін 70 пайыз жер әр түрлі мақсатта кәсіпкерлерге жалға беріліп келген. Жаңа қытайлық көліктер де осы аумаққа орналасқан. Қазір мұнда 100 машина тұр. Жеке меншік компания өкілінің айтуынша, алдағы уақытта тағы да көліктер әкелу жоспарланған.

– Хабарландыруды көріп, әкімшілігімен сөйлесіп, келісіп орналасып жатырмыз. Такси қызметін атқарамыз. Такси режимінде жұмыс істейді. База сияқты алып отырмыз. Машиналар келеді, дайындап қалаға шығарамыз, – деді жеке меншік компанияның өкілі Ерлан Жанботаев.

Оқи отырыңыз: Шымкетте жұмыстан босатылған экс-полицейлер наразылық білдірді