|
28.11.2020 | 22:17
9893

Алматыда «Жомарт жүрек» байқауының лауреаттары марапатталды

Бұл – азаматтық қоғам институттарының жұмысын жетілдіруге, маңызды жобаларды жүзеге асыруға үлкен қолдау

Алматыда «Жомарт жүрек» байқауының лауреаттары марапатталды открытые источники

«Жомарт жүрек» байқауының лауреаттары марапатталды. Туған жерін түлеткен, өскен өлкесін дамытуға үлес қосқан кәсіпкерлер, еріктілер, қоғамдық ұйымдар түрлі номинациялар бойынша алғыс хатқа ие болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл – азаматтық қоғам институттарының жұмысын жетілдіруге, маңызды жобаларды жүзеге асыруға үлкен қолдау. Төтенше жағдай кезінде аз қамтылған, көп балалы жанұяларға, ата-ананың қарауынсыз қалған жетім балаларға, мүгедектерге, көмек көрсеткені үшін «Жыл меценаты» номинациясына Айнұр Аралбайқызы лайық деп танылды.

«Мен үшін маңызды бұл марапат. Бұл еңбегімнің жемісінің ақталғаны деп білемін. Кәсіпкерлер болсын осындай кішкентай қайырымдылық жасаса өлкеміз гүлденеді деп ойламын», – деді «Жыл меценаты» номинациясының иегері Айнұр Жұмаш.

Биыл қалалық «Жомарт жүрек» байқауына 30-дан астам жеке және заңды тұлғалар өтінім білдірген. Олардың әрқайсысы білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және құрылыс саласында әлеуметтік маңызы бар жобаларды жыл бойы белсенді жүзеге асырғандар. 10 жылға жуық уақыт құрылыс саласында еңбек етіп келе жатқан Ғабит Ізтілеуұлы «Жыл тұлғасы» номинациясын иеленді.

«Негізінде марапат үшін қызмет жасалып жатқан жоқ. Негізгі мақсат – халық үшін, болашақ үшін жастар үшін жасалып жатқан қызмет. Осыны бағалап, көріп, біліп марапаттағаны болашақта үлкен жетістікке жетігуге сеп деп білемін», – деді «Жыл тұлғасы» номинациясының иегері Ғабит Маматрайымов.

Аида Букаева – еріктілік бүгін пайда болған ұғым емес, ата-бабамыздын келе жеткен үрдіс екенін айтады. Қазақ ежелден көмекке мұқтаж жанға қолдан келгенін аямаған халық. Ол «Рақым» әлеуметтік үйінің құрамында қиын жағдайда қалған 5 мың отбасыға азық-түлік себеттерін таратуға ат салысыпты. Індет өршіген уақытта 12 күн бойы ковид-госпиталіне барып, ерікті болып, жансақтау бөлімінде жұмыс істеген.  

«Қиын-қыстау кезінде жалғыз мен емес, 12 көпбалалы ана болып, ковид-госпитальге кіріп, басымызды қауіп-қатерге тігіп, көмегемізді аямадық. Көпбалалы аналардың атынан, өзімнің атынан Алматы әкімдігіне алғысымды айтамын», – деді «Ерен еріктілік» номинациясының иегері Аида Букаева.

Салтанатты шара, аз ғана адам мен санитарлық талаптарды сақтай отырып өткізілді. Дәстүрлі байқау – жерінің көркеюіне, халқының жағдайын жақсарту жолында игі істер жасап жүрген меценаттарды ынталандыру мақсатында ұйымдастырылып отыр. Конкурсқа кез келген адам ұсыныс білдіре алады. Өйткені елінің нағыз жанашырлары әрдайым құрметке лайық.

Ұлағат Арғын, Ғани Қалуов, «Алматы» арнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир