Алматының Медеу ауданында 32 кәсіпкерлік нысанда мониторинг жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Соңғы қаулыда бекітілген уақыттық шектеуді ескермей жұмыс жасаған 5 мекеме әшкере болды. Олардың бірі – қала орталығында орналасқан түнгі клуб. Ойын-сауық орнының қызметкерлері назарға ілікпеу ішін есікті ішінен жауып алған. Мекеме басшысы қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапқа тартылды.
Келесі тәртіпбұзушылық караоке орталығынан табылды. Астыртын жұмыс жасап тұрған нысан келушілерге лық толы. Бір залдың өзінен көңіл көтеріп жатқан 20-дан аса адам анықталып, олардан түсініктеме алынды. Ал мекеме әкімшісі мобильді топ мүшелеріне кедергі келтіріп, келушілерді жасырғысы келді.
Одан өзге ауданда компьютерлік клуб әшкереленді. Бас санитар дәрігердің қаулысы бойынша бұл нысанның жұмысына мүлдем тыйым салынған. Ойынханада отырған 50 шақты жасөспірімнің ешбірі бетперде тақпаған, арақашықтық та сақтамаған. Ойын клубының басшысына хаттама толтырылып, келушілерге қатаң ескерту жасалды.
«Айыппұлдардың құны өзгерген жоқ, бұрынғы сома. Ал бірнеше рет заң бұзған нысандардың істерін бірден сотқа жіберіп жатырмыз. Одан кейінгі жазаны соттың өзі белгілейді. Кейбір мекемелер 2 айға жұмысын тоқтатса, кейбіреулері мүлдем жабылады», – деді Алматы қаласы медеу ауданы кәсіпкерлікті және өнеркәсіпті дамыту бөлімінің басшысы Қайрат Нұрқасымов.
Ал келесі нысанның келушілерге қорқор ұсынғаны белгілі болды. Дәмханада қашықтық сақталмаған және жеке қорғаныс құралдары жоқ. Қонақтардан үйлеріне қайтуды сұраған тәртіп сақшыларының сөзі елеусіз қалды. Ережеге бағынбаған мекеменің басшысы енді айыппұл арқалайды. Кейбір келушілер қорқорды қоғамдық орындарда қолдануға тыйым салынғанын білмегенін айтып ақталды.
Айта кетейік, мониторинг топтары жұма, сенбі, жексенбі күндері 8 аудан бойынша күшейтілген режимде жұмыс істеуге кіріскен. Бірнеше рет тәртіп бұзған нысандардың ісі сотқа жіберіледі.