Шетелде жүрген 5 914 қазақстандық туристің 2 818-і елге 14 чартерлік рейспен қайтарылды. 4 рейспен тағы 733 жолаушы жеткізіледі деп жоспарлануда, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Чартерлік рейстер Алматы мен Нұр-Сұлтаннан бөлек, Атырау, Қостанай және Ақтөбе қаларына да қонады. Қазіргі таңда Ресей арқылы транзитпен келетін жолаушыларда қиындықтар туындауда. Себебі, аталған мемлекет те кеселдің жолын кесу үшін шекараларын жауып тастаған.
«Сонымен қатар, тұрақты рейстермен 1 879 адамнан 1 695 адам елге қайтып келді. Соның ішінде, 379 азаматты қайтару қалды. Оның 319-ы Ресей Федерациясы арқылы 23 наурызға дейін қайтады деп жоспарланған болатын. Алайда, Ресей Федерациясының аумағына кіруге тыйым салынуына байланысты шетелдік, соның ішінде қазақстандық азаматтарда қиындықтар туындаған еді. Қазіргі таңда бұл мәселе ел Үкіметінің көмегімен шешілді», – деді ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитеті төрағасының міндетін атқарушы Дастан РЫСПЕКОВ.
Мәдениет және спорт министрлігі әртүрлі елге саяхаттап барған азаматтарымызды қазір Ресейде топтастырып, елге жеткізіп жатыр. Сондықтан оларға ыңғайлы жағдай жасауға кепілдік бере алмайтындарын айтты. Ал алдын ала туристік жолдамалар алып қойған азаматтарға туристік компаниялар тарапынан ақшасын қайтаруда қиындықтар туындауда. Сол себепті, шетелге саяхаттауды жоспарлағандарға түсіністік танытуды сұрады.
«Туроператорлар ақша қаражаты жетіспегендіктен, жолдама алып қойған азаматтардың талабын қанағаттандыра алмай жатыр. Өйткені, әуе компаниялары мен қонақүйлерге келісімшарттар шеңберінде тиісті алдын ала төлемдер жасалып қойған және ұйымдастырушылық сипаттағы өзге де шығыстар жұмсалған. Сондай-ақ, туроператорлардың қонақүйлер мен әуе компаниялары алдында айыппұл міндеттемелерінің болуы да маңызды болып отыр. Сол себепті, туроператорлар қаражаттарды қайтару үшін өз серіктестерімен келіссөздер жүргізуде», – деп атап өтті Дастан РЫСПЕКОВ.
Айта кетейік, осы уақытқа дейін Нұр-Сұлтан қаласы бойынша коронавирус инфекциясы анықталғандар ішінде 4 айлық нәресте де болған еді. Бүлдіршін ата-анасымен бірге Парижден келген. Барлық тіркелген науқастардың жағдайы қанағаттанарлық дейді дәрігерлер.