Қасым-Жомарт Тоқаев пандемияға қарсы күрес жұмыстарын үйлестіретін Орталықтың жұмысымен танысты

Akorda.kz
Akorda.kz
Әрбір азаматтың міндеті – бұл режимді сақтау
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пандемияға қарсы еліміздегі күрес жұмыстарын үйлестіретін Орталықтың жұмысымен танысты, деп танысты Almaty.tv.  

Денсаулық сақтау министрлігі Президентке әлемде және Қазақстанда коронавирустың таралуына қарсы күресті үйлестіру және мониторинг жасау әдістері, оның ішінде ауырғандарды анықтау және есепке алу жөніндегі жұмыстарда цифрлық технологияны қолдану туралы баяндады. Қасым-Жомарт Тоқаев аталған орталықтың әлемдегі қолайсыз эпидемиологиялық жағдайында атқаратын маңызды рөлін атап өтті және күш біріктіре отырып, оқиғаның кері әсеріне тосқауыл қоюға сенім білдірді. Президент қазақстандықтарды тыныштық сақтауға шақырып, Үкіметке індеттің таралуына байланысты қауесет пен дүрбелеңге тосқауыл қою үшін азаматтарды шұғыл әрі шынайы ақпараттармен қамтамасыз ету міндетін қойды.

«Алдымызда тұрған екі міндет бар. Ол ең алдымен карантин режимін қатаң сақтау. Бұл – өте маңызды міндет. Шын айтқанда коронавирус індеті аса қауіпті ауру. Біздің адамдар әлі бей-жай жайбарақат жүр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл індетті пандемия ретінде, яғни ғаламдық індет ретінде мойындады. Сондықтан біз Қазақстан бойынша төтенше жағдайды жарияладық. Мен елордада, Алматыда карантин режимін жариялауға мәжбүр болдым. Сондықтан әрбір азаматтың міндеті – бұл режимді сақтау. Бұл халықтың денсаулығы үшін керек», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.  

Жалпы Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирусқа қарсы күресу үшін қабылданып жатқан шараларға оң баға берді. Сонымен қатар Президент медициналық бетперделердің тапшы екенін айтты. Мемлекет басшысы халықты бетперделермен жедел қамтамасыз етуді міндеттеді.  

«Бізде әлі күнге дейін тиісті көлемде бетперделердің жетіспейтіндігін атап айтқым келеді. Бірақ қағаз жүзінде бәрі жеткілікті. Бір жағынан халық дәріханаларда бетперделердің әлі де жоқ екенін айтып шағымдануда. Неге? Бұл алыпсатарлық деп ойлаймын. Біз барлық қалалардағы негізгі көшелерде азаматтарымызға тегін маска тарата алатындай жағдайда болуымыз керек. Бұл Үкіметтің алдында тұрған аса жедел әрі шұғыл міндет», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.  

Қасым-Жомарт Тоқаев отандық медицинаны, соның ішінде санитарлық-эпидемиологиялық қызметті және медицина ғылымын дамытуға баса мән беру керек екенін айтты. Соңында мемлекет басшысы барлық медицина қызметкерлеріне коронавирус пандемиясына қарсы күреске қосқан үлесі үшін ризашылығын білдірді.

Новости партнеров