Шымкенттегі олимпиадаға қатысқан оқушылар астан улануы мүмкін

Almaty.tv
Almaty.tv
Оқыс жағдайға тап болған 15 оқушының 14-і емін толық аяқтап, ауруханадан шықты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Шымкенттегі олимпиадаға қатысқан оқушылар оқу орнында таратылған астан улануы мүмкін. Бұл туралы бүгін санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің мамандары мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Айтуларынша, балалар тамақтанған ыдыстардан лабораториялық тексерулер нәтижесінде зиянды бактериялар анықталған. Ал оқушылар бүгін ауруханадан шығарылып, үйлеріне қайтарылды.

Республикалық олимпиадаға қатысу үшін Шымкентке келіп, уланып, ауруханаға түскен оқушылардың жағдайына қатысты санитариялық-эпидемиологиялық бақылау мамандары ақпарат берді. Олар арнайы лабораториялық тексеру жүргізіп, оқушылар жатақханада таратылған астан улануы мүмкін деген байлам жасаған.

«Зерделеу барысында зертханалық зерттеулерге тағам үлгілері, су сынамасы, сүртінді, асхана қызметкерлерінен бактерия тасымалдаушылыққа бактериологиялық ыдыс - аяқтан, тарелкадан, үстелдің үстінен, пышақтан зерттеуге анализ алынған. Сүртінділерді зерттеулер нәтижелері бойынша ішек таяқшасы тобындағы бактерия анықталған», – деді Cанитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Алдарқұл Райымқұлұлы.

Оқыс жағдайға тап болған 15 оқушының 14-і емін толық аяқтап, ауруханадан шықты.  Дегенмен олимпиада кезінде бөртпеге шалдыққан бір оқушы әлі медициналық мекемеде ем қабылдап жатыр.

«25 наурыз күні барлық 15 науқас бала сауығып, стационардан шығарылды, барлық балаға инфекцияға қарсы емдеу шаралары жүргізілді», – деді Жұқпалы аурулар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Мұрат Ағабаев.

Ал олимпиада ұйымдастырушылары білім бәйгесінің қорытындысын жариялады. Жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша республикалық олимпиадада 422 оқушы жүлделі орынға ие болған. Республикалық олимпиаданың бірінші турына қатысып, ауруханаға түскен балалардың да қандай жетістікке жеткені белгілі болды.

Республикалық «Дарын» орталығы:

«Шымкент қаласының жұқпалы аурулар ауруханасына түскен мектеп оқушылары бірінші турға қатысып, 1 алтын, 4 күміс, 3 қола медальға және 4 алғыс хатқа қол жеткізді».

Балаларға зиянды тағам таратты деген асхана иесіне қатысты әзірге ешқандай шара қолданылған жоқ. Дегенмен, санитар дәрігерлер оқушылардың жаппай улануына байланысты қылмыстық іс қозғау үшін Ішкі істер департаментіне ұсыныс жолдаған.

Лаура Нахыпқызы, Абзал Тұрабеков. «Алматы» телеарнасы, Шымкенттен

Новости партнеров