«Ұлы Даланың ұлтаралық тілі» атты республикалық онлайн конференциясы өтті

«Ұлы Даланың ұлтаралық тілі» атты республикалық онлайн конференциясы өтті
Конференция жұмысына қатысушылар ZOOM конференц-платформасы және ҚХА-ның Фэйсбук желісіндегі ресми парақшасында көрсетілген тікелей эфир арқылы онлайн режимде қосылды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

1 шілдеде Нұр-Сұлтан қаласындағы Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен және ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Ұлы Даланың ұлтаралық тілі» атты республикалық онлайн конференциясы өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Аталмыш шара ҚХА-ның 25 жылдығына арналған Қазақстан халқы Ассамблеясының «Тұңғыш Президент жолымен» халық экспедициясы» жобасын жалғастырып, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Тәуелсіз Қазақстанның құрылуы жолындағы ерен еңбегін айшықтауға бағытталған.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың республикалық «Ана тілі» газетінде жарияланған «Қазақ халқының тағдыры тарих таразысында тұр» атты мақаласын талқылау және  «Қазақ тілін жақсы білетін өзге ұлт өкілдерін қолдау» тапсырмасын жүзеге асыруды көздейді.

Онлайн конференцияға ҚХА Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Марат Әзілханов, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің кеңесшісі Бибігүл Жексенбай, ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Қазыбек Иса, филология мен лингвистика саласының сарапшылары, ҚХА мүшелері, мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлт өкілдері мен этномәдени бірлестіктердің, жастар ұйымының өкілдері қатысты.

Конференция жұмысына қатысушылар ZOOM конференц-платформасы және ҚХА-ның Фэйсбук желісіндегі ресми парақшасында көрсетілген тікелей эфир арқылы онлайн режимде қосылды.

Қазақстандық журналист және белгілі блогер Максим Рожин жүргізген онлайн конференцияны аша отырып, Ассамблея Төрағасының орынбасары Жансейіт Қансейітұлы Түймебаев сөз сөйледі:

«Қазақстан халқы Ассамблеясы бүкіл ел тұрғындарының мүддесін көздейтіндіктен, азаматтардың конституциялық құқықтарының сақталуына, әлеуметтік, саяси-экономикалық жағдайға қатысты мәселелердің барлығын назарда ұстап,  мемлекет дамуына ықпал ететін бастамаларды талқылап, өз ұстанымымызды білдіріп отыратынымыз өздеріңізге белгілі. Бүгінгі дөңгелек үстелдің күн тәртібі де сондай мәселеге арналған.

Ел тәуелсіздігінің негізін қалаушы Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Тілге деген көзқарас – шындап келгенде, елге деген көзқарас» деп, адамның, қоғамның болмысына бір-ақ ауыз сөзбен сипаттама берген. Өзі Төрағасы болып табылатын Қазақстан халқы Ассамблеясының сессияларында «Қазақ тілі баршаны біріктіретін, жас¬тарды жақындастыратын татулық тіліне айналуға тиіс!» деп үнемі айтып отырғанына да осы жиынға қатысып отырған көбіміз куәміз.

Биыл Ассамблея 25 жылға толды. Ширек ғасырда Елбасымыздың бірлік пен ынтымақты сақтау жолында сіңірген еңбегі орасан. Сондықтан Нұрсұлтан Әбішұлының  елімізді қалыптастыру мен дамыту жолындағы қажырлы еңбегін көрсетуге арналған «Тұңғыш Президент жолымен» халықтық экспедициясы» жобасын бастадық.

Бұл жоба елордамыз – Нұр-Сұлтан қаласынан бастау алып, Елбасы өмірге келіп, азамат атанған Алматы облысының Үшқоңыр баурайында және еңбек жолын бастап, қайраткер ретінде қалыптасқан Қарағанды, Теміртау қалаларында жалғасын тапты. Жалпыхалықтық экспедицияның еліміздің әрбір азаматы үшін тағылымы мол. Әсіресе, өмірлік ұстанымы қалыптасқан, қоғамдық белсенділік танытқан, мәдениет пен әдебиетті, тіл мен ғылымды басты бағдар етіп алған жастарымыз үшін Елбасының жүрген жолы – тәжірибесі де, тәлімі де мол өмір мектебі.  

Қанша айтылса да көптік етпейтін, қай кезде де құндылығын жоғалтпайтын ТІЛ мәселесі бүгін де сөз болмақ. Басқосуымыздың мақсаты – Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық «Ана тілі» газетіне берген «Қазақ халқының тағдыры тарих таразысында тұр» атты сұхбатындағы мәселелер туралы ой бөлісу, болашақ қызметімізде басшылыққа алу.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы республиканың өркендеуіне әсер ететін саяси-экономикалық даму мәселелерімен қатар, қазіргі ең өзекті болып отырған пандемия кезеңіндегі халықтың жағдайы, демографиялық өсу, тіл, халықты әлеуметтік қолдау сияқты мәселелерге басым мән береді. Өз пікірін білдіре отырып, көпке ой салады.

Президентіміз өз Жолдауында «Еліміздегі этникалық топтардың тілі мен мәдениетін дамытуға жағдай жасай береміз», дей келіп, ойын «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді»  деп тұжырымдағанын баршаңыз білесіздер.

Мемлекет басшысының бұл бастамасына Қазақстан халқы Ассамблеясы қолдау көрсетіп, былтыр «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» атты форум өткізді. Бұл жиынға бүгін бізбен байланысып отырған көпшілігіңіз қатыстыңыздар. Біз әдеттегі жиындардан өзгеше форматта өткізілген бұл форумды Жолдауда айтылғандай,  «даңғаза жасамай, жұмыла жүргізіп жатқан жұмысымыздың» көрнекі мысалы дей аламыз.

Республиканың түкпір-түкпірінде тұратын, қазақ тілін ана тіліндей меңгерген түрлі этнос өкілдері өздерінің тіл үйрену жолдарын ғана емес, өзге елдердегі мемлекеттік тіл мәртебесін мысал ете отырып баяндауы Мемлекет басшысының мәселені дер кезінде көтеріп отырғанына көз жеткізді.  Бұрын басқа ұлттың ұл-қызы ана тілімізде сөйлесе қилы заманда бауырға басқан қазақ халқына деген құрметі деп қабылдайтын болсақ, Ассамблея форумы Жолдауда жасалған «ұлтаралық тіл» туралы тұжырымның өміршең екендігін танытты.  

«Ана тіліндегі» сұхбаттың әлем тіршілігіне, дамуына кері әсер етіп отырған пандемиядан басталуы заңды. Соңғы  көрсеткіштерден үрейленіп қалған халқына бар жағдайды ашып айтып, кеңес беріп, «Біз біргеміз!», «Кемедегілердің жаны бір» деп басу айтылуы көңілдерде сенім ұялатады.  

Мемлекет басшысы айтып отырғандай, тілдік проблеманың үлкен саяси мәні мен маңызы бар. Оны мына сіз бен біз жақсы білеміз. Сондықтан Қазақстан халқы Ассамблеясы  тіл мәселесіне байыппен қарап, оны үйренудің өзіндік қағидаттарын қалыптастырған. Алғаш қолға алған кезде «Бір жылда 1000 бала үйренсе» деген арманнан туындаған «Мың бала» жобасы қанатын кеңге жайып, мемлекеттік тілді үйретудің заманауи мектебіне айналды. Басқа да қызықты жобалар бар. Міне, сондықтан да біз Президент сұхбатындағы айтылған «мемлекеттік тілге қатысты жұмыстарды айғайламай, қызбалыққа салынбай, бірақ табанды түрде жалғастыра беру қажет» деген тұжырымды орындап отырмыз деуге болады.

Президенттің сұхбатында адамзат басынан өткен тарихи сәттер, заманауи фактілер мысалға келтіріліп, халық санасын қозғайтын ойлар айтылған. Оларды елге жеткізуде, іске асыруда бізге үлкен міндеттер жүктеледі.

Мемлекеттік тілдің елді біріктіріп, ұйыстырушы фактор ретіндегі рөлін арттыру жұмысы жедел қолға алынуы керек. Бұл ретте бізге әр этнос ішіндегі ақылгөй, парасатты, идеялы азаматтарымыз ең үлкен көмекші болады деп сенемін.

Осы тұста Мемлекет басшысы  Қ.К.Тоқаевтың «Біз қазақ тілін жақсы білетін өзге ұлт өкілдерін қолдауымыз керек. Оларды Парламентке, өкілетті органдарға сайлап, мемлекеттік қызмет жүйесіндегі жоғары лауазымдарға тағайындап, мемлекеттік наградалармен марапаттап отырғанымыз дұрыс. Мұндай азаматтар қазақ тілінің деңгейін ұлтаралық қолданыс дәрежесіне көтеруге көмектеседі.» деген сөзін жүзеге асыру мақсатында қазақ тілін насихаттауға үлес қосып жүрген тіл жанашырлары және бүгінгі жиынға қатысып, өз пікірін білдірген барлық азаматтар Қазақстан халқы Ассамблеясының «Мейірім» медалімен марапатталады.

Марапаттарыңыз құтты болсын!  

Ендеше, іске сәт, құрметті отандастар! Бүгінгі басқосуымызда тың ойлар мен идеялар ортаға салынады деп күтемін. Баршаңызға сәттілік тілеймін!».

Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Марат Алмасұлы Әзілханов Қасым-Жомарт Кемелұлының «Ана тілі» газетіне берген арнайы сұхбатына орай ой бөлісуге ниет білдіріп, шараның өтуіне ықпал еткен Ассамблея мүшелері мен конференция қатысушыларына алғысын білдіре отырып, конференция жұмысына сәттілік тіледі.

«Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы – өзінің даму жолында орасан біріктірушілік және зияткерлік әлеует жинақтап, бүкілхалықтық татулық пен ынтымақтың беки түсуі үшін қызмет етіп келе жатқан бірегей ұйым.

Еліміздегі барлық этностардың басын біріктіретін бұл құрылым республикада тұрақтылықты сақтап, ілгерілей дамып, мәдени-рухани баюымызға бағытталған іс-шаралардың басында тұрады. Бүгін өткізіліп отырған жиынымыз солардың бірі деп білеміз.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі елмен етене жұмыс істейтін мемлекеттік орган ретінде, осындай халыққа ой салып, бағыт-бағдар беретін іс-шаралардың өткізілуіне ұдайы қолдау көрсетіп отырады.

Осыдан 2 ай бұрын Министрліктің жанынан Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің құрылуы елімізде жүргізіліп келе жатқан мемлекеттік этносаясаттың және оны іске асырушы Ассамблея қызметінің арқасында қалыптасқан этносаралық келісімнің бірегей моделін, қоғамдағы өзара түсіністік ахуалын одан әрі нығайта түсуге игі ықпал етеді деп күтілуде. Осыған байланысты  Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Комитеттің болашақта бірлесе атқарар жұмысының ауқымы да көбейе түсетіні анық.

Мемлекет  басшысы  Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Ана тілі» газетіне жарияланған сұхбатында халқымыз үшін көкейтесті мәселелер көтерілген. Соның ішінде қазақ тілін ұлтаралық тіл деңгейіне көтеру мәселесі сөз болды. «Мемлекеттік тіл – халықты топтастырушы фактор» деген ұғымның қоғамдық санада нық орнығуын насихаттау ісінде де осылай болады деп ойлауға негіз бар.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қазақ тілінің дамуын ұдайы назардан тыс қалдырмағаны баршаңызға белгілі. Тәуелсіздік алғалы бері жүргізілген мемлекеттік саясаттың арқасында қазақ тіліне қамқорлық жасалып, оның аясын кеңейтуге барлық мүмкіндіктер қарастырылды. Тұңғыш Президентіміздің жүргізген салиқалы саясаты мен ұстанған сара жолы барлық қазақстандықтардың өмірлік бағыт-бағдарына айналды. Сондықтан Ассамблеяның «Тұңғыш Президент жолымен» халық экспедициясы» жобасының маңызы зор деп білеміз.

Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың тіл мәселесіне қатысты ұстанымы, қазақ тілі туралы пікірлері жұртшылыққа жақсы таныс. Президент ретінде «Егемен Қазақстан» газетіне берген алғашқы сұхбатында: «Қазақтың тілі – қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де – тілінде» дегені ел есінде.

Біз талқылағалы отырған сұхбатта сол ой негізгі арқау ретінде жалғастырыла отырып, қоғамды толғандырған басқа да мәселелер қозғалады. Бұның барлығы мемлекеттің назарынан тыс қалмағандығын анық көрсетеді.

Бүгінгі жиынға құлақ түріп отырғандар, әсіресе жастар, сіздерден зиялы ойлар, алға жетелейтін, сенім беретін жақсы пікірлер күтеді. Сұхбатта көтерілген мәселелер қазіргідей жаңа тарихи жағ¬дайда бәріміз ана тіліміздің дамуы мен дәріптелуіне назар аударып, оның мәртебесін арттыруға үлес қосуымыз керектігі туралы ой салады. Бұл жолы да ұлы Абайдың қара сөздерін мысалға келтіре отырып, халқының білімі мен ғылымы дамыған интеллектуалды ұлт болуының жолы – ғылым, білім, еңбекқорлық екеніне назар аудартады.  

Сіздер сұхбатта айтылған басқа да тақырыптарды терең талдап, құнды пікірлеріңізді ортаға салады деп ойлаймын».

Сондай-ақ, онлайн конференция жұмысына қатысып, өз ойларын білдірген спикерлер қатарында қазақ тілін жаңадан үйренуші, карантин кезінде де мемлекеттік тілді меңгеруді тоқтатпаған Анатолий Ким, Нұр-Сұлтан қаласындағы «LINGVA TEN» тіл үйрету орталығының директоры Владислав Тен және т.б. бар.


Новости партнеров