Алматы метрополитені желісіне қосымша жылжымалы құрам қосылады

02.12.2023 00:39

Төрт станцияның құрылысы жүріп жатыр

Almaty.tv

Алматы метрополитенінде қосымша 4 станса салынып жатыр. Әлеуметтік желіде метро стансаларындағы адамдар кептелісі көрсетілген бейнежазбалар да тарап кеткен еді. Сондықтан қарбаласты азайту үшін Алматы метрополитенінде қосымша құрам жолға шығарылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Тура 12 жыл бұрын, 2011 жылы іске қосылған Алматы метрополитенінде қазіргі кезде 11 станция жұмыс істесе, тағы 4 станцияның құрылысы жүріп жатыр. Архитектурасы мен сапасы жағынан ТМД елдері ішінде ең үздік саналатын Алматы метрополитенінде қауіпсіздік шаралары қатаң сақталады. Кіре берістен бастап бақылау камералары барлығын назарда ұстайды. Бірақ ережеге бағынбайтын азаматтар аз емес.

– Платформадағы қызметкердің міндеті күрделі. Жолаушылар белгіленген шектен шығып кеткенде олар машинистерге дер кезінде хабарлап үлгеруі керек. Радиобайланысқа шығып немесе қолымен белгі береді. Мұндай жағдай бірнеше рет тіркелген, – деді «Метрополитен» КМК қозғалыс қызметінің басшысы Алмас Қыдырәлиев.

Метрода жолаушылар тыйым салынған заттарды тастамауы үшін тіпті қоқыс жәшіктері де орнатылмаған. Соңғы екі стансаны іске қосқаннан кейін жолаушылар ағыны күрт өскен. Бұрын күніне 70 мың жолаушы мінсе, қазір олардың саны 90 мыңнан асқан.

– Метрополитенде полиция қызметкерлері қызмет етеді. Көріп тұрсыздар, "полиция" деп жазылып тұр. Олар метроға бағынбайды, тікелей өз қызметін атқарады. Яғни, метрода қандай да бір оқыс жағдай болса, полиция бөліміне жүгіне алады, – деді «Метрополитен» КМК ресми өкілі Индира Андирова.

Алматы метрополитені сейсмоқауіпсіздік деңгейінің жоғарылығымен де ерекшеленеді. Сондай-ақ соңғы үлгідегі техникалық жабдықтармен қамтамасыз етілген.

Метродағы ең қауіпті орыннның бірі – эскалатор. Себебі мұндағы 50 метр биіктіктен адамдар құлап кетуі мүмкін. Бірақ мамандардың айтуынша, ондай оқыс оқиға кезінде арнайы датчиктер іске қосылып, эскалатор өзі тоқтайды. Сондай-ақ жолаушының өзі арнайы батырманы басып, жеделсатыны тоқтата алады.

Бүгіннен бастап метро желісінің жаңа құраммен толығуына байланысты қарбалас уақытта 5 минут 38 секунд жиілікпен қызмет ететін болады. Жолаушылар метроға сағат 7.00-8.00 және кешкі сағат 19.30-20.00 арасында көп отырады.

Жансая Олжабек, Хангелді Ахметханов, «Алматы» теларнасы

Оқи отырыңыз: Алматы тағы жаңа троллейбустармен толығады