Алматыдағы «Ақсай нан» фирмалық дүкені жарты жылдан бері сауда нүктелеріне нан жеткізе алмай отырғанын кеше ғана «Алматы» телеарнасы хабарлаған болатын. Соның нәтижесінде бүгін қордаланған мәселе шешімін тапты деген қуанышты хабар жетті, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Алматылық кәсіпкерлер жарты жыл бойы дорбалап нан тасып дал болған. Қарапайым тазалықтың ескерілмегенін бейнежазбадан да көруге болады. Жерге түскен нанды кәсіпкер бір сүртіп, дүкен сөресіне қойды. Наубайхана дүкеніндегі ұзын-сонар кезек өз алдына бөлек әңгіме. Әлемді пандемия жайлаған уақытта қарапайым санитарлық талаптар ескерілмей қалды. Осындай шағымдарын айтып шаршаған кәсіпкерлер арнамызға хабарласып көмек сұраған еді. Біз бұл мәселені тиісті басқарма басшылығына жеткіздік.
«Айлықтарына қатысты сондай шағымдар болатын. Олар ұйым әкімшілігіне айлықты көтеру туралы талап қойған болатын. Ұйымда 200-ге жуық «ГАЗель» көлігі бар, алайда соның тек 150-і ғана рейске шығып жүр. Мәселе шешіледі, рейске шығатын көліктердің саны ұлғаяды», – деген болатын қалалық Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Еркебұлан Оразалин.
Журналистер араласқан соң «Ақсай нан» бірден мәселеге қатысты жауап қатты. Олардың айтуынша, нанның бағасын 75 теңгеден көтере алмайды. Сондықтан жүргізушілердің көбі жұмыстан кеткен. Ал бүгінде мәселе жүйелі түрде жолға қойылыпты.
«Бұрын бір автомашина 10 дүкенге тасымалдайтын болса, енді 12-15 дүкенге тасымалдауға мүмкіндік беріліп жатыр. Сонымен қатар жаңадан жүргізушілер алынуда. Жабылмаған маршруттар жабылып, қазір «Ақсай нанда» жұмыс қарқынды түрде жүріп жатыр», – деді «Ақсай нан» орталық фирмалық дүкендерінің меңгерушісі Маржан Атымтаева.
Бұл нан әрбір алматылықтың ас үйінен табылады. Сондай ақ жақында ғана халық арасында үлкен араздастыққа себеп болған еді. Арадағы сатып алушылар нанның жетіспеушілігіне шағымданса, мекеме басшылығы зауыттың толық қуатта істеп тұрғанын мәлімдеді. Сондықтан нан да жеткілікті.
Оқи отырыңыз: Алматыдағы «Ақсай нан» дүкенінен нан таситын кәсіпкерлер шағым айтты
Мәселе оң шешім тапқанына кәсіпкерлер дән риза. Құнанбай Халалханның айтуынша, бүгінде «Ақсай нан» келісімшартқа сай қызмет көрсетіп отыр.
«Ақсай нанмен» келісімшартымыз бола тұра, 6 айдай уақыт қиналып қалдық. Нанды жеткізіп беруге мүмкіндігі болмай қалды, жүргізушілер болмады. Осы проблеманы сіздер көтерген күннен бастап, кәсіпорын қайта жеткізіп беріп жүр. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, «Алматы» телеарнасына рахмет айтқым келеді», – дейді кәсіпкер Құнанбай Халалхан.
Алматының 70 пайызын нанмен қамтасыз етіп отырған «Ақсай нан» фирмалық дүкенінде 1200 адам жұмыс істейді. Бүгінде барлық талапқа сай қызмет көрсетіп отырған мекеме алдағы уақытта да осы қалпынан таймайды деп үміттенеміз.
Жанар Ғаниқызы, Әрсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы