Мәслихат депутаттары Наурызбай ауданы тұрғындарымен кездесті

Almaty.tv
Almaty.tv
2025 жылға дейін Наурызбай ауданының тұрғындары 100 пайыз таза ауыз сумен қамтылады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жол, жарық, кәріз жүйесі мәселесі. Бүгін Наурызбай ауданы әкімінің тұрғындармен кездесуінде осы секілді қордаланған мәселелер талқыланды. Жиынға ауданнан сайланған мәслихат депутаттары қатысып, көпшіліктің ұсынысын тыңдады. Олар көпшілік тарапынан келіп түскен өтініш-тілектің уақытылы шешілуін бақылауға алмақ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қайрат Бегалин – Наурызбай ауданы округінен бір мандатты жүйе бойынша сайланған мәслихат депутаты. Халық қалаулысы бүгінге дейін аудан жұртшылығымен бірнеше рет кездесу өткізген. Ол «тұрғындар тарапынан түсетін өтініш-тілектің көбі әлеуметтік мәселеге қатысты» дейді.

– Наурызбай ауданы тұрғындарымен кездесу кезінде көп айтылатын мәселе – жол, су. Кезінде ауданның өзінде халық саны 70 мың болса, қазір 200 мыңға жуықтады. Сәйкесінше, су құбырлары сол халыққа ғана арналған. Жаңадан ауыстырылып, қайта салынып жатыр, – деді қалалық мәслихат депутаты Қайрат Бегалин.

Аймақта соңғы 5 жылдықта ауыз су мәселесіне қатысты жұмыс қарқынды қолға алынған. Қазір Наурызбай ауданында екі бірдей су сүзгілеу стансасының құрылысы жүріп жатыр. Іле Алатау ұлттық саябағындағы Ақсай су резервуары – соның бірі. Стансаның құрылымы едәуір күрделі. Сол себепті жұмыс алдағы 2 жыл бойына жүргізілмек.

– Алайда біз ол құрылыс жұмыстарын күтпей, бүгінгі күні каскадты әдіспен Абай, Алатау көшесінен бастап Премьера су сүзгілеу стансасынан Ақжар шағынауданына су бердік. Ақжар шағынауданында 35 мыңға жуық адам тұрады. Бүгінгі күні 22 мың адамды ауыз сумен қамтыдық. Құрылыс аяқталғаннан кейін, толықтай қамтамасыз ету көзделіп отыр, – деді Наурызбай ауданы әкімі аппараты коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Фархат Жаңбыров.  

Бүгінге дейін Ақжар тұрғындары тіршілік нәрін ашық өзен мен аула ішінде орналасқан су бағандарын алатын. Тау суы жиі ластанатындықтан мұндағы жұртшылық қиындық көріп келген. Мамандардың айтуынша, қордаланған мәселе бірте-бірте шешімін тауып жатыр.    

Ақжар шағынауданындағы Шпекбаев көшесінің бойында ұзындығы 800 метр кәріз жүйесі мен су құбыры салынып жатыр. Жұмыс жыл соңына дейін аяқталады. Осы құбыр пайдалануға берілсе, 25 мың тұрғын тұрақты ауыз сумен қамтылмақ.

Салаға жауапты мамандардың айтуынша, 2025 жылға дейін Наурызбай ауданының тұрғындары 100 пайыз таза ауыз сумен қамтылады. Ол үшін қазір құрылысы жүріп жатқан Қарғалы мен Ақсай су сүзгілеу стансалары толық аяқталуы керек. Осылайша, аймақтағы 150 мың тұрғын тіршілік нәріне қол жеткізбек.

Ұлағат Арғын, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Ақкенттегі өрт: Зардап шеккен тұрғындардың жағдайы қалай

Новости партнеров