Жылыту маусымы басталды – Астанада көмір тапшы

Almaty.tv
Almaty.tv
Индустрия министрлігінің айтуынша, елде көмір тапшылығы жоқ
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Астанада күннің күрт суытуына байланысты жылыту маусымы басталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қазір қаладағы көпқабатты үйлер мен әлеуметтік нысандарға жылу берілген. Қылышын сүйретіп қыс келмей, жер үйде тұратын ағайын да қамданып жатқаны белгілі. Алайда сұранысқа ие Шұбаркөл көмірі тапшы болып шықты.

27 жастағы Серікбол Байдалды 8 жылдан бері Астананың маңындағы ауылдарға көмір тасиды. Жылыту маусымы бастала салысымен демалыссыз жұмыс істейміз дейді. Мұнда қатты отынның тоннасы 12 мың 500 теңгеден сатылады екен. Ал жоғары сұранысқа ие Шұбаркөл көмірі келгенде бұл жерде талас басталатын көрінеді. Кейде көмірді ала алмай қалатын кездер болады екен.

«Иә, дефицит. Көмір келмей жатыр. Шұбаркөл келеді. Машина көп. Халық көп. Адамдар тапсырыс береді. Апара алмай қаламыз», – деді қала тұрғыны Серікбол Байдалды.

Астанада осындай көмір алатын 10 шақты орын бар. Мұндағы жүргізушілердің айтуынша, Шұбаркөл көміріне сұраныс көп. Оны әкелген күннің өзінде, бағасы 13 мың 700 теңгеден болады екен. Қатты отын құны мемлекет тарапынан бақыланбайды. Алайда бәсекелестікті дамыту агенттігінің өкілдері өңірлерде апта сайын мониторинг жүргізілетінін айтады.

«Баға әрбір өңірде әр түрлі болады. Бір баға бола алмайды. Өйткені бағаға әсер ететін ол - темір жол тасымалы. Көмір өндіретін үлкен компаниялардан қашықтығы ұзақ болса, әрине ол алыс ауылдарға, алыс өңірлерге тасымал бағасы жоғары болады», – деді Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі департамент директорының орынбасары Қуат Асамбеков.

Ал Индустрия министрлігінің айтуынша, елде көмір тапшылығы жоқ . Тіпті кеше Сауда министрі Серік Жұманғарин қатты отынды Еуропаға экспорттаймыз деген еді. Бірақ ақ жағалылар мынандай қара шаңның ортасына келіп, тасымалдаушылармен тілдеспеген секілді. Биыл жыл басынан бері 70 миллион тонна көмір қазып алдық деген Индустрия министрлігі елдегі ғимараттар суық түспей тұрып маусымға дайын дейді.

«Елдегі әлеуметтік нысандар, денсаулық сақтау, білім беру сынды ғимараттар жылу маусымына толықтай дайын. Ал 48 мың көпқабатты үйдің 47 мың 505-і, яғни 99 пайызына жылу берсек болады», – деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі комитетінің баспасөз қызметшісі Аягөз Бекенова.

Айта кетейін, Астанадағы көпқабатты үйлерде қазірдің өзінде жылу бар. Ал қалған өңірлерге ауа-райына байланысты 25 қазанға дейін кезең-кезеңімен беріле бастайды.

Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, «Алматы» телеарнасы, Астанадан

Новости партнеров